Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар 5 күдікті Түркістан облысында ұсталды. Қазір оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полицейлер Жетісай қаласында жедел іс-шаралар жүргізу барысында қонақүйдің бірінен Алматы мен Түркістан облыстарынан үш ер адамды ұстады. Олардың екеуі бұрын ұрлық үшін сотталғандар.
Тәртіп сақшылары олардан 550 000 теңге ақша, есірткі, ерлер мен әйелдердің бренд заттарын тәркіледі.
Сондай-ақ Түркістан қаласына кіре берістегі Ынтымақ блок бекетінде екі күдікті қолға түсті. Полицейлер олардың жүктерінен Nikon және Canon фотоаппараттарының жиынтығын, алтын әшекейлер, Samsung маркалы 2 және iPhone -12 маркалы бір телефон, 1 ноутбук пен екі жаңа кроссовка тәркіледі.
Белгілі болғандай, олар 5 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздік барысында Алматы қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан «Технодом» дүкеніне кірген. Содан кейін ғимаратта тұрған ер адамды ұрып, техника құралдарын, алтын мен аяқкиімді алып кеткен.
Күдіктілер Түркістан облысына қалааралық автобуспен келген. Түркістан қаласына кіреберісте комендант сағатын ескере отырып, жүргізушіден тоқтауды сұраған және қараңғыны пайдаланып, жаяу жүріп өтпекші болған.
Бүгінде күдікті бес адамға қатысты ҚР ҚК 191-бабы «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлығы қамауға алынды. Қазіргі кезде Түркістан облысының тергеушілері олардың Алматы қаласында қандай мақсатта болғанын анықтауда.