Алматы облысында 90 миллион теңге «откат» алмақ болған шенді істі болып, ұсталды. Алматы облысының жемқорлықпен күрес қызметінің телеграм арнасында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-иновациялық даму басқармасының басшысының үстінен «33,5 мың доллар пара алды» деген күдікпен тергеу басталғаны жөнінде ақпарат жарияланды.
«Басқарма басшысы ЖШС жетекшісінен «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өткізілген мемлекеттік сатып алулар конкурсында жеңімпаз деп танып, орындалған жұмыстардың көлемін одан әрі кедергісіз қабылдау үшін жалпы соммасы 666 млн теңгелік келісімшарттың 15 пайызын (90 миллион теңге) «откат» ретінде алуға уағдаласқан. Осы қаржының 33,5 мың доллар соммасын пара алды деген күдікке ілінген», — делінген жарияланған мәлімдемеде.
Ratel.kz порталының журналистері кәсіпкерлік және индустриялды-иновациялық даму бөліміне барып, ведомства басшысы Темірлан Разбековпен кездеспек болған. Бірақ кездесе алмаған. Разбековтың орынбасары Алмат Бакиров қазір оның қайда екенін білмейтінін айтқан.
Бұған дейін осыған ұқсас жағдайда Алматы облысы білім басқармасының экс-басшысы Майгүл Омарова ұсталған. Ол кезде де бастапқыда басқарма қызметкерлері журналистерге басшыларының қайда екенін білмейтіндерін айтқан. Бірақ кейіннен оның 37 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болған.
Бұдан бөлек, 2021 жылдың ақпан айында Алматы облысы Талғар ауданының бұрынғы әкімі Серікжан Ерекешов 10 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған. Амандық Баталов Серікжан Ерекешовті аудан әкімі ғып тағайындар кезде «сенімді кадр» деп қатты мақтаған да болатын.
Жыл басынан бері Алматы облысының шенділері «пара алды» деген күдікпен ұсталу жағынан алдына жан салмай тұр. Бұл облыстық жемқорлықпен күрес қызметінің жұмысты қатты істеп жатқанының көрінісі ме, жоқ әлде аймақ басшысы Амандық Баталовтың кадр таңдаудағы қателіктерінің салдары ма?
malim.kz