Алтыннан қымбат олимпиада. НЕГЕ «Қазақстан бай» деген стереотип ел бюджетіне ауыр тие бастады?

291

Токио олимпиадасын теледидардан көру бақыты ел бюджетін 3 миллиард теңгеден айырмақ. Бізге ондай қымбат олимпиада экономикалық жағынан мүлде тиімсіз.

Токио олимпиадасының телеқұқығына ие Silver Spring Media мен Dentsu Group Inc компаниялары доданы Қазақстанда көрсету үшін 7,5 миллион доллар талап еткен. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің мәлімдемесінде айтылады. Бұл біздің көршілеріміз төлеген сомадан кем дегенде 10 есе артық.

«Мұнайы бар, бай «банан республикасы» деген атағымыз бізді халықаралық аренада кез-келген қызмет үшін артық төлеуге мәжбүрлейді», — дейді, халықаралық TikMill брокерлік тобының сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев.

«Және біз сол имиджді жылдар бойы өзіміз қалыптастырып келдік. Енді өзіміз сондай қадамға барғаннан кейін, артық төлеуге, бізге бағаны басқаларға қарағанда қымбат қылатын жағдайға да дайын болуымыз керек»

«Бюджеттік жоспарлау тұрғысынан алғанда, оған төлейтін министрліктің қаржысы жоқ. Жоқ болғанда, дәл сондай соманы осы бап бойынша алдын-ала ешкім қарастырмаған», — дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Бұл бір жағынан отандық спорт арналарына да үлкен сын. Келіссөздерді ертерек бастау қажет еді».

«Қазір жеке демеуші табылмаса, мемлекет ондай қаржыны бюджетке өзгеріс енгізу арқылы шығаруға еш үлгермейді. Бұл мәселенің бірінші жағы. Ал екінші жағы – ол бізге қажет пе? Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жүргізіліп жатқанда телекөрсетілімге 3 миллиард теңге төлеу экономикадағы үнемдеу саясатына мүлде қарама-қайшы келеді. Әрі биыл олимпиадаға 7 жарым миллион доллар төлесек, келесі олимпиаданың құқық иеленушілері бізден 10 миллион доллар сұрауы мүмкін. Өзімізді тығырыққа тірей беретін боламыз»

«Біз ақпарат пен насихатқа ғылымнан көп қаржы жұмсайтын елміз», — деп жалғастырады, Арман Бейсембаев. Бірақ, оның айтуынша, соның өзінде қаржы жетпей жатады.

Егер тараптар келісімге келмесе, «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» телеарналары тікелей эфирдің орнына сюжеттер беріп тұруды да ойластыра бастаған. Ал отандық көрермен ондай жағдайда қажетті тікелей эфирін пираттық әдіспен, интернет арқылы іздеп көретіні түсінікті.

Коронакризис уақытында үш миллиард теңгенің бюджетте қалғаны дұрысырақ болар еді. Оған қоса келіссөздерді уақытылы жүргізе алмаған отандық телеарналардағы әлсіз медиа-менеджмент мәселесін тез арада шешу қажет.