Есеп комитеті Түркістандағы құны 9 093,3 млн теңге болатын драма театрына бөлінген қаражаттан өрескел заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бюджет кодексінің 4-бабының 9-тармағы және 157-бабының 1-тармағы бұзылып, 2020 жылы құны 9 093,3 млн теңге болатын «Түркістан қаласында драма театрын салу» жобасын іске асыру кезінде бюджет қаражатын тиімсіз жоспарланған. Айта кетерлігі, аталған жобаға республикалық бюджеттен 5 484,9 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 2 263,2 млн теңге бөлінген.
«Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарының ұйымдастыру және іске асыру іс-шараларының 52-бөлімі сақталмай, Түркістан қаласында драма театрын салуды қаржыландыру 2020 жылы сомасы 5 124,2 млн теңгеге республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылған. Құрылыс басқармасының мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру бөлігінде мемлекеттік мүлік туралы заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Осылайша, Мемлекеттік мүлік туралы заңның 17-бабының 15) тармақшасы бұзылып, Құрылыс басқармасы өкілеттігі болмаса да, өз бетінше құны 9 401,5 млн теңгеге салынған драма театрының ғимаратын Түркістан облысы әкімдігінің шешімінсіз Түркістан қаласының коммуналдық меншігіне беру жүзеге асырылған», − делінген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің құжатында.
Бұған қоса, құжатта Мақтаарал ауданының «Мырзакент» ауылында 280 орынға арналған балабақша салуға сомасы 692,1 млн теңгеге бөлінгені оны іске асыруды «NTR» ЖШС бір көзден ұтып алғаны жазылған. Құжат бойынша құрылыс мерзімі 9 айда қараша, желтоқсан) аяқталу керек болса, мердігер балабақшаны 40 күн ішінде салып тастаған.
«Мырзакент ауылында салынған 280 орынға арналған балабақшаның сапасына қатысты сұрақтар туындайды», − делінген Есеп комитетінің құжатында.
Осы ауданда 1200 орынға арналған орта мектеп салу кезінде де құрылыс мерзімі 21 ай болуы керек болса, мердігер мектепті 26 күннің ішінде бітірген.