Түркия Ресейдің ДХР мен ЛХР-ны тану туралы шешіміне бірден наразылық танытты

1062

Түркия Сыртқы істер министрлігі Ресей президенті Владимир Путиннің ДХР және ЛХР тәуелсіздігін мойындау шешімін айыптады. Түркия Сыртқы істер министрлігі Мәскеудің әрекетін «қабылдауға келмейді» деп атады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Anadolu басылымына сілтеме жасап.

«Ресей Федерациясының Донецк және Луганск деп аталатын республикаларды тану туралы шешімі Минск келісімдеріне қайшы келеді, сонымен қатар Украинаның саяси бірлігі мен аумақтық тұтастығын айқын бұзу болып табылады. Ресей Федерациясының шешімі қабылдауға келмейді және біз оны қабылдамаймыз», — делінген Түркия Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі Түркияның Украинаның саяси бірлігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға адалдығын қуаттап, барлық мүдделі тараптарды парасаттылықпен әрекет етуге және халықаралық құқықты сақтауға шақыратынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс үлкен отырысынан кейін Ресей президенті Владимир Путин ел азаматтарына үндеу жасап, Луганск халық республикасы мен Донецк халық республикасының егемендігін дереу тану туралы шешім қабылдау қажет деп санайтынын мәлімдеді. Үндеуден кейін Путин бірден Кремльде ЛХР мен ДХР-ды тану туралы Жарлықтарға қол қойған болатын.
Караван жаңалықтары — https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/