ТҰРАН ШАҒЫНАУДАНЫ ЖЫЛ САЙЫН КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

584
Тұран шағынауданы қаланың солтүстік-шығысынан келетін күре жолдың бойында орналасқан. Бүгінде Тұранның биік-биік үйлері менмұндалап, шаһардың көркіне көрік қосып тұр. Қазіргі күнге дейін онда 28 көп қабатты үй бой көтеріп үлгерді. Оның 16-сы 5 қабатты, 12-сі 9 қабатты тұрғын үй. Аймақта жол, газ және кәріз жүйесі қолға алынып, тұрғындарға жағдай жасалуда. Шағынауданның инженерлік-коммуникация жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жоспар бекітілген.
— Тұрандықтарды сапалы электр энергиясымен қамту жұмысы 2020 жылдан басталды. Осы мақсатта 3 056, 805 млн теңге қаржы қаралып, 53,94 шақырымға кабель тарту көзделген. Мердігер «AБM-Билдинг» ЖШС-і шағынауданды жарықпен қамту мәселесін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Кезең-кезеңімен атқарылып отырған жұмыстың нәтижесінде биыл 3058 абонент, яғни 20 мың тұрандық сапалы электр энергиясымен қамтылады. Сонымен қатар, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту да басты назарда. Газ құбырын жүргізу жұмыстары жыл басында басталғанымен, құрылыс 2023 жылға өтпелі. Бекітілген жоспарға сәйкес, келер жылдың қыркүйек айында 2554 тұрғын үйге газ құбыры тартылып, табиғи газдың игілігін көретін болады, — дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары А.Парманов.
Шағынауданда көп қабатты үйлердің құрылысы қарқын алған кезеңде онда қатынау біршама қиындық туғызған. Алайда, мұндағы жол мәселесі де бүгін шешімін тауып келеді.
–Тұранда жалпы саны 72 көше бар. Оның басым бөлігі ішкі орам көшелері. Ал, 13-і бір бағытының өзі 2,3 жолақты үлкен көшелер болмақ. Әзірге атауы жоқ, №2,6,8 көше шілде айында ел игілігіне берілді. Мұндағы №2 мен №6 көше 6 жолақты, ұзындығы 2,2 шақырым болса, №8 көше 1,2 шақырымды қамтиды. Төрт жолақты №7 көше жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл — шағынаудандағы көп қабатты үйлер мен жеке секторлы аймақты байланыстырып тұрған күретамыр. Сонымен қатар, келешекте №3 және №4 көшелер шағынауданның ең маңызды жолына айналмақ. Себебі, жоспарға сәйкес, бұл параллель көшелер Тұран шағынауданын қалааралық маңызы бар Бәйдібек би даңғылымен байланыстыратын болады, — дейді Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Оралов.