Футзал: «Қайрат» Чемпиондар лигасының финалына шықты

1091
Бүгін Алматы қаласында басталған футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы жартылай финалында «Қайрат»  Испанияның «Барселона» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрын аталмыш турнир УЕФА кубогы аталып келген еді. Ол биылдан бастап УЕФА Чемпиондар лигасы деген атауға ие болды.
Аталмыш кездесуде «Қайрат» сапынан 22 және 27-минутта Хоссейн Тайеби гол соқты. Ал 38-минутта алматылық клубтың ойыншысы Джон Ленно есепті үстемелей түсті. Ал 39-минутта «Барселона» сапынан Лосано есеп айырмасын қысқартқан еді. Ал ойынның бітуіне 54-секунд қалғанда қайраттық Эдсон мергендік танытты. Ойынның нүктесі санаулы секунд қалғанда қойылды. Онда «Қайрат» ойыншысы Дуглас шеберлік көрсетті. Осылайша алматылық клуб қарсыласын 5:2 есебімен жеңді.
Естеріңізге сала кетелік, «Қайрат» екі мәрте аталмыш турнирдің жеңімпазы атанған еді. Біздің команда 2012/2013 жылғы маусымда Алматыда Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) клубын 4:3 есебімен жеңсе, 2014/2015 жылғы маусымда Португалия астанасы — Лиссабонда бүгінгі қарсыласы — «Барселонадан» 3:2 есебімен басым түсті.
Бүгін аталмыш турнирдің жартылай финалында тағы бір кездесу өткізілді. Португалияның «Спортинг» клубы Испанияның «Интер Мовистар» клубын 5:3 есебімен жеңді.
Енді 28 сәуірде финал және 3-орын үшін ойындар өтеді. Финалда  «Қайрат» пен «Спортинг», 3-орын үшін «Барселона» мен «Интер Мовистар» кездеседі.