Қазақстанда тағы бір университет лицензиясынан айырылды

1677

Білім және ғылым министрлігі тағы бір қазақстандық университетті лицензиясынан айырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметінше, Шымкентте академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті лицензиясыз қалды. Шешім жоғары оқу орнында білім беру саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бірнеше рет өткен тексерулерден кейін қабылданды.

«Сонымен қатар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты да оқу орнын бас лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды, шешім 10 жұмыс күні ішінде заңды күшіне енеді. Осы кезеңде академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті сот шешіміне де, министрлікке де шағымдануға құқылы», — деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметінде.

Бұдан бұрын ЖОО-на кезекті жоспарлы тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды түзетуге бірнеше рет мүмкіндік берілгені атап өтілді.

«Орын алған бұзушылықтар оқу үдерісін ұйымдастыру, талапкерлерді оқуға қабылдау, жоо-ны оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде болды. Мәселен, «Атамекен» ҰКП рейтингінің деректері бойынша ЖОО-ның білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің үмітіне 17,4 пайызға ғана сәйкес келеді, ал білім беру бағдарламаларының 82,6 пайызы пысықтауды талап етеді, өйткені жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді», — деп толықтырды ведомствода.

БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінде мұндай шаралар студенттердің мүдделерін ескере отырып қабылданатынын мәлімдеді.

«Біз студенттер мен ата-аналардың мұндай шаралар, ең алдымен, студенттердің өздерінің мүдделерін ескере отырып, қабылданатынын түсінгенін қалаймыз. Егер жоғары оқу орындары білім беру саласындағы талаптарға сәйкес келмесе, диплом алғаннан кейін болашақ мамандар жұмысқа орналасу проблемаларына тап болуы мүмкін», — деді комитет төрағасы Гүлзат Көбенова.

Ал лицензиясынан айырылған оқу орнының студенттері оқу семестрінің аяқталғанын күтпей-ақ басқа жоо-ларға ауыса алады. Студенттердің барлық оқу көрсеткіштері басқа жоо-ларға ауысқан кезде жарамды болады. Ақылы негізде оқитындар үшін оқу құны бұрынғы деңгейде қалады. БҒМ өз тарапынан көмектеседі.