Түркістанда көпбалалы медицина қызметкерлеріне көмек көрсетілді

1176

Түркістан облысында көпбалалы және тұрмысы төмен медицина қызметкерлеріне қайырымдылық жасалды.

Тұңғыш президент күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің кәсіподағы аудан-қалалардағы ауруханаларға барып, медицина қызметкерлеріне ең қажетті деген азық-түлік себеттерін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы мен медицина қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы бірлесіп ұйымдастырған қайырымдылық шара Түркістан қаласында өтті. Онда медициналық мекемелерде жұмыс істейтін көпбалалы және жалғызбасты аналар мен тұрмыс деңгейі төмен қызметкерлерге ең қажетті деген азық-түлік үлестірілді.

«Мен жалғызбасты анамын, алимент алмаймын. Үкіметтен де көмек алмаймын. Тек жұмыстан айлық аламын, ол айлықпен балаларымды асырау қиын. Үлкен қызым студент. Кәсіподаққа рахмет үлкен, бізге қолдау көрсетіп, мұның өзі бізге үлкен көмек. Мұны да ала алмайтын кезіміз болады кейде», — дейді жалғызбасты ана Мөлдір Сәрсенбаева.

Сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлері бұл күні Түркістан қаласындағы медицина колледжінің студенттеріне арнайы стипендия тағайындап, сертификаттарын табыстады. Ендігі жерде оқуда озат және белсенді жастарға бір жыл көлемінде стипендия аударып отыратын болады.

Айта кетейік, медицина саласында еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің тұрмыстық жағдайына бей-жай қарамайтын кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылы баспанасы өртенген және өндірістік жарақат алған қызметкерлерге де материалдық көмек көрсетті. Ал, пандемия кезінде науқастарды емдеймін деп, өздері бақилық болған дәрігерлер мен медбикелердің, тазалық қызметкерлері мен жүргізушілердің отбасыларына 100 мың теңгеден материалдық көмек берді.

«Медицина ұйымдарындағы өзіміздің мүшелеріміздің көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының жағдайы туралы мәліметтер жинау арқылы оларға жыл сайын азық-түлік себеттерін таратып отырамыз. Одан бөлек, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп формаларын тарату мақсатында «Мектепке жол» акциясын да ұйымдастырып отырамыз»,- дейді медицина қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Сәкен Катбаев.