ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ КӨПШІЛІК ТАЛҚЫСЫНА ҰСЫНЫЛДЫ

896

Шымкент қаласының бас жоспары қала тұрғындарының назарына ұсынылды. Бір ай бойы кез-келген шымкенттік тұрғын бас жоспармен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы  Исахов арнайы өткен жиналыста осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

– Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Ал 2015-2018 жылдар аралығында бас жоспарға өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, сол кездегі бас жоспарды қала әкімі бекітті. Ал бұл бас жоспар 2025-2035 жылдар аралығын қамтып отыр. Арнайы мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалып отыр. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз, – деді Мақсұт Пернебайұлы Исахов.

Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, Шымкенттің бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт түзілген. Мердігер мекеменің тәжірибесі жоғары, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.

Қазіргі таңда бас жоспардың бірінші кезеңінің жұмыстары бітті. Бір ай бойы жүретін қоғамдық талқылаудан соң мамандар ұсыныс-талаптарды ескеріп, маңыздысын жоспарға енгізіп, жыл соңына дейін Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жасақталады. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімінен кейін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.