Рысқалиевтердің дүние-мүлкін неге қайтарып берді?

1314
Осы аптаның басында Жоғарғы сот жемқорлық айыбымен сырттай сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, бұрынғы депутат Аманжан Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мал-мүлікті қайтарып берді. 
Рысқалиевтерден тәркіленген мүлікті қайтару туралы шағымды 2020 жылдың 1 мамыр күні Жоғарғы сотқа Бас прокуратура түсірген. Бас прокурор Ғиззат Нұрдәулетов Жоғарғы соттан Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 25.01.2019 жылғы үкімінің күшін және 09.01.2020 жылғы Жоғары соттың жаңа қаулысын жоюды сұраған. Атап айтқанда, Б. С. Рысқалиевтің, А. С. Рысқалидің, Е. О. Ізбасардың, Р. С. Альбакосовтың және тағы да бірқатар адамдардың мүлкін тәркілеу шешімінің күшін жою туралы шағым түсірген.
Бас прокурор адал еңбекпен тапқан және қылмыстық әрекетке ешқандай қатысы жоқ мүлік тәркіленген деп санайды. Мұндай мүліктің тізімі ондаған беттерді құрайды. Бас прокурордың пікірінше, Рысқалиевтер, Әлбақасов пен Ізбасар бюджеттен аса ірі көлемдегі қаржыны 2008 жылы жымқырған. Алайда сот шешімімен олардың 2008 жылға дейін иеленген дүние-мүлкі тәркіленген.
16 маусым күні Жоғарғы сот бас прокуратураның кассациялық шағымын қарап, Рысқалиевтерге тәркіленген дүние-мүлкін қайтару жөнінде шешім шығарды. Сөйтіп, Бас прокурор  төмендегі мал-мүлікті бұрынғы иелеріне қайтаруды сұрады:
Бергей Рысқалиевке оның төрт ЖШС үлесін, үш жер учаскесін (Нұр-сұлтан, Атырау және Ақтөбе қалаларында), Атыраудағы үйді, сондай-ақ Алматыдағы жер асты гараждарын қайтаруды сұрайды.
Аманжан Рысқалиевке-Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерін, сондай-ақ екі ЖШС үлесін.
Бергей Рысқалиевтің жұбайына-Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайлар мен жер учаскелері, сондай-ақ бірнеше ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің жартысы.
Аманжан Рысқалиевтің жұбайы-Атырау орталығындағы жер учаскелері мен 2 пәтер. Рүстем Әлбақасовтың жұбайы-Нұр-сұлтан мен Ақтөбедегі бес жер учаскесі, Алматыдағы жер асты паркинг, Ақтөбедегі үй және тұрғын үй-жайлар.
Аманжан Рысқалиевтің жұбайы-Атырау орталығындағы жер учаскелері мен 2 пәтер. Рүстем Әлбақасовтың жұбайы-Нұр-сұлтан мен Ақтөбедегі бес жер учаскесі, Алматыдағы жер асты паркинг, Ақтөбедегі үй және тұрғын үй-жайлар.
Ал Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Азаттық радиосына берген жауабында Бас прокуратураның шағымымен Жоғарғы сот келіскенін, бірақ Рысқалиевтер мен олардың жақындарына қандай мүлік, қанша ақша қайтарылатынын білмейтінін айтқан.
«16 маусым күні Бас прокуратураның кассациялық шағымын Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, толық көлемде қанағаттандырды. Сот актісі әлі дайындалып жатыр. Процестік заңнама бойынша сот актісі 5 күн ішінде әзірленеді. Сот актісі сот кабинеті сервисіне салынады. Сол жерден танысуға болады», — дейді.
Бірнеше айып тағылып, ұзақ мерзімге сырттай сотталған адамдардың тәркіленген мүлкін қайтару қаншалық орынды? Осы сұрақ  төңірегінде көпшілік әртүрлі пікірлер мен болжамдар айтып жатыр. Тіпті кейбіреулер «Рысқалиевтер қазақ билігімен ымыраға келді» десе, тағы бірі «бұлар биліктің жанды жерінен ұстап отыр» деген ойда. Соның бір мысалы ретінде ЖСДП партиясының бұрынғы төрағасы Ермұрат Бапидың Facebook парақшасындағы жазбасын айтсақ болады. Бапи мырза, «Бергей ЖСДП партиясын байлап беріп, билікпен келісімге келді» деп санайды.
«Бергей үшін қоғам, ел, халық… деген ұғымдар ақшадан артық емес екеніне көзім жетті. Ол өз пайдасы үшін қоғам мүддесін емін-еркін айырбастап жүре береді. Сондықтан мұндай жұлымыр атжалман қоғамға қолғабыс жасайды деп, алданып қалуға болмайды. Ал сот шешімімен Бергейдің бұғауланған активтерін қайтарып беру процессінің басталғаны – оның назарбаевтық режиммен ауызжаласқаны. Бүгінде Назарбаевтың нұсқауымен Берейдің активтерін қайтарып беру ісіне Карим Масимов бақылау жасауда. Қашқын әкім билікке ОСДП-ны байлап берді. Яғни Карим-аканың манипуляциясымен алдағы парламенттік сайлауда бұл партия оппозицияның рөлін атқарады. Өзінің жеке бас пайдасы үшін «КНБ»-ның қолтығына кірген адамнан халыққа қайыр жоқ», – дейді саясаткер.
Атырау облысын 6 жылға жуық басқарған Бергей Рысқалиев туралы ел арасында екіұшты пікір қалыптасқан. Билік Бергей Рысқалиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджеттің 72 миллиард теңгесін жымқырды деп айыптады. Ал Бергей басқарған өңірдің кейбір тұрғындары оны іскер әкім ретінде еске алады. Оның істеген қызметін жоғары бағалайтын адамдар да аз емес.
Белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла Facebook желісіндегі жеке парақшасында Бергей Рысқалиевтің мұнайлы өлкенің өркендеуіне өз үлесін қосқанын жазды.
«Кім не де о десін, Бергейдің Атырау халқы үшін орны ерекше. Еңкейген кәрісен еңбектеген баласына дейін аңыз қылып айтады. Бергей жасаған шаруаны бұған дейінгі ешбір әкім, тіпті өзге өңірлердегі ешбір аймақ басшысы жасай алған жоқ. Туған жеріне шын жанашыр адам Бергейдей-ақ болсын. Басқа жеген-жұтқан нәрселерінде шаруам жоқ, оны құзырлы орындар тексере жатар. Шынтуайтында, кез-келген адамды тексеріп кеп қалса, қателік табылады ғой. Оның үстіне жемқорлық жайлаған, жебірлер билеген біздің жері бай, халқы кедей мемлекетте ештеңеге таң қалуға болмайды!», – деп жазды айтыскер ақын.
Айта кетейік, Бергей Рысқалиевке «бюджет қаржысын жымқырды», «қызмет бабын теріс пайдаланды», оның бауыры, депутат Аманжан Рысқалиевке «алаяқтық жасады» деген айыптар тағылған. 2019 жылы қаңтар айында ағайынды Рысқалиевтерге сот үкімі шыққан. Сот Бергей Рысқалиевті — 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған болатын.
Ағайынды Рысқалиевтерді құқық қорғау органдары 2013 жылдан бері іздестіріп жатыр.
Abai.kz