Шымкент: 62 қытай азаматы жұмысқа заңсыз қабылданған

1156

Қазақстанда жыл басынан бері 133 мың мигрант өз еркімен елден кетті. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Пандемия кезінде Қазақстан аумағында болған мыңдаған шетел азаматы елден шыға алмай қалды. ІІМ көші-қон қызметінің, шет мемлекеттер өкілдіктерінің және көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның ықпалымен бұл адамдардың құжаттарын ресімдеуге көмек көрсетілді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 133 мың заңсыз мигранттың елден өз еркімен кетуіне көмектесті. Төлқұжаттарының жарамдылық мерзімі өткен 675 шетелдікке қайту туралы арнайы куәлік берілді», – деп атап өтті ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.

Осы жылдың ақпан айында ішкі істер министрлігі «Мигрант» жедел алдын алу шарасының екі кезеңін өткізді.

ІІМ мәліметі бойынша, көші-қон заңнамасын өрескел бұзу фактілері анықталған.

Жедел алдын алу шарасы барысында шетелдік жұмыс күшін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін 582 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Заңсыз көші-қон ұйымдастыру фактілері бойынша 28 қылмыстық іс тіркелді.

Алматы облысында қытайлармен төбелеске не себеп болғаны айтылды

Осылайша, Шымкент қаласында Өзбекстанның 70 азаматы мен 62 қытайды жұмысқа заңсыз қабылдаған бірқатар заңды тұлғалар анықталды. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сонымен қатар, жедел алдын алу шарасы кезінде іздеу жарияланған 140 қылмыскер ұсталды. Олардың ішінде 129 қазақстандық, ТМД елдерінің 10 азаматы, сондай-ақ, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері және бопсалау фактісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматы бар.

ІІМ көші-қон қызметі комитетінің мәліметі бойынша, көші-қон заңнамасын қасақана бұзғандарға қатысты заңсыз иммигранттарды ел аумағынан шығару туралы 969 сот шешімі шығарылған.