Шымкентте Абайдың шөбересі бар

1171

Ақыл-ойдың шамшырағы атанған Абай­дың артында қалған ұрпақтары көп емес. Он баласынан бірлі-жарым ұрпақ қалған.

Қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, ағартушы, ұлы ақын, әрі ойшыл Абай атамыздың ұрпағы, яғни бір шөбересі Шымкентте тұратынын естіп қуанып қалдық. Қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын 84 жасқа таяған Айгүл әжей әлі тың екен. Асылдың тұқымы екені көрініп-ақ тұр.

 Айгүл әжей – Абайдың бәй­біше­сі Ділдәдан туған Күлбадан­ның немересі. Бұл туралы кейуана­ның өзі де өткен жылдарды есіне ала отырып, әдемілеп әңгімелеп бер­ді. – Мен Абайдың қызы Күлба­даннан туған ұлы Мүштардың қызымын. Әжем Күлбадан бой­жетіп отырған шағында атамыз Дүт­бай болысқа тұрмысқа шыққан. Үкілеп өсірген, Семейдегі орыс мектебінде оқытып тәрбиелеген қызының әйелі бар кісінің етегінен ұстауына әуелде әкесі Абай біраз қарсы болыпты. Бірақ Күлбадан алған бетінен қайтпаған соң батасын беріпті. Мұны мен бертінде естідім. Сөйтіп, Күлбадан әжем мен атам Дүтбай болыстан Мұхтар, Мүштар, Хамза, Мәкен, Хадиша атты перзенттер дүниеге келіп, ұрпақ тараған, – дейді әжей.

Өткен күндерді тебірене еске алған қария Кеңес кезеңінде аталарының көп қуғын-сүргінге тап болғанын айтады. Иә, Кеңес үкіметі тұсында Абай ұрпақ­тары­ның кейбірін соттап, қудалады. Кейбірі қысымға ұшырап, әртүрлі жағдайда өмірден озды.

«Жастық шағымыз біреулерден үркіп, қорқумен өтті. Үлкендердің үрейлі жүздерінен ығып, біз де еңсе тіктеп жүре алмайтынбыз. Олар бізге ашып еш нәрсе айтпаса да, өзара сыбыр-күбірінен бала жүрек бір нәрсені аңғаратынбыз. Әкем марқұм Мүштар мен дүниеге келген жылы 6 айлық нәресте кезімде қудалаудың кесірінен өмірден өтіпті. Анам марқұм қойнауы малға толған ел екенімізді еске алып отыратын. Қора толы малды шолақ белсенділердің берсе қолынан, бермесе жолынан тартып ала беретінін, қара халықтың осындай­лардан әбден күйгенін жыр қылып айтып беретін. Кейін мұндай әділетсіздікке төзбеген халық кө­теріліске шығып, кейбірі ел асып кеткен екен. «Шыңғыстау көте­рілісі» деген атпен тарихта қалған көтеріліс осы кезеңде болған деседі. Көтеріліске қайта қоятын билік па, одан сайын айдау күшей­ген. Әкемнің ағасы Мұхтар да дәл осы кезде Қытайға ел асып кетіпті. Бірақ әкем елінде қалуды ойлап, жылжымаған. Қанша қуғын көрсе де, туған жерін тастап кете алмап­ты», – дейді Айгүл әжей бізбен әңгімесінде.

Алмағайып заманда туыс іздеу­ге де мұрша болмаған. Сондықтан болса керек, Абайдың ұрпақтары бір-бірімен ажырап қалғанын тарих та растайды. Ол замандары елдің әл-ауқаты көтермеген болса керек, туған сәбилер де тұрақтамай­тын болған. Айгүл әжей әкесінің қарындасы Хадишаның тоғыз құрсақ көтергенімен, барлығының шетінеп кете бергенін еске алады. 43 жасында туған баласы Тыныш­тық қана тұрақтапты. 70-ке толған қария қазір Алматыда тұрады. Ал Абайдың ұлы Тұрағұл Шымкентке жер аударылып, 1934 жылы аштан өлген. «Балалық шағымыз Шымкентте өтті. Біз сол кездегі ет комбинатының жанында тұрдық. Анам Хадиша комбинатта 30 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты», – дейді кейуана.

Айгүл Мүштарқызы атасы ұлы Абайдың 150 жылдық мерей­то­йында «Ақынның біраз ұрпағы Шымкентте тұрады. Олар қашанғы қашқын атанып жүрмек?» деп әкімдіктен сұрау салып біраз жү­гіріпті. Анасы Хадиша сол мерей­тойға қатысып, туыстарымен та­бысуды армандағанымен ден­саулығы жарамай, төсек тартып жатып қалған. Ол кісі 87 жасында өмірден озыпты. Айгүл әжей тігін­шілікпен айналысқан, екі қыз, бір ұлды дүниеге әкелген. Осы шаңы­рақта 62 жылдан бері тіршілік етіп жатыр.

Ұлы ақынның ұрпақтары пат­ша­лық, кейін кеңестік жазалау сая­сатының құрбаны болған. Қу­ғындау мен жер аударылудың сал­дарынан олар тағдырдың тәл­кегінен сан-саққа бытырап, әр жердегі балалар үйі мен жатақтарда өмір сүрген. Олар «Байдың баласы» деген желеумен қуғын-сүргінге көп ұшырайды. Тіпті, ұлы ақын­ның ұрпақтары өздерінің кімнен тарағанын ашық айтудан да қа­мық­қан. Айгүл әжей – ұлы ойшыл­дан тарайтын тікелей ұрпақтың соңғы буыны. Қызы Күлбаданның немересі, яғни шөбере жиеншары. Қарт әжей осы күніне шүкіршілік етеді. Әлі де туыстарымен бай­ланысып, қатысуды армандайды.

Абай Құнанбаев – халқымыз­дың мақтанышы ғана емес, ұлттық идеологиямыз. Ал оның ұрпақ­тарын таныту, көздің қарашығын­дай сақтау – ғұмырлық парызымыз.

Осы тұста жергілікті билік та­рапынан осындай асылдың тұ­қымын елеп-ескеру қаншалықты деңгейде дегіміз келеді…

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы