ШЫМКЕНТТЕ «ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

787

1993 жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген бұл күнді белгілеу – әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр.

Шымкентте 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне арналған «Өнерлі отбасы» сайысы өтті. Байқауға қаламыздағы ең өнерлі, талантты отбасылар қатысты.

Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы — сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез-келген зиялы қоғамның діңгегі.

Отбасылық сайыстың ең басты мақсаты — отбасы мүшелерін сайысқа қатыстыра отырып, баланың ата-ана өміріндегі маңызын, ата — аналардың балаларға деген тәрбиесін көрсету. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты насихаттау, баланы достық пен патриоттыққа, шығармашылық қабілеттерін арттыру, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу және ата-анамен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.  Сондай-ақ, отбасы Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, балаларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

«Отан — отбасынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша, оны отағасы, ол болмаса, отанасы, одан қалса, үлкен аға не әпке басқарады, олардың сөзін, ұйғарымын өзгелері жерде қалдырмайды. Әрбір ересек адам өзі бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, оның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек екендіктерін білулері қажет. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететінін білеміз.

Сайыстың ережесіне сай қатысушы отбасылар флешмоб билеп, ән айтты, мәнерлеп оқу шеберліктері және тағы басқа да өнерлерін көрсетіп, көрермендерді таң қалдырды. Ең үздік отбасыларға Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы «STRONG» фитнес клубына және МАРС спорт кешеніне бір айға тегін қатысуға сертификаттар табыстады. Сонымен қатар барлық қатысушылар Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Отбасының аман-саулығы — әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.