ШЫМКЕНТ: ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК АКЦИЯ ӨТТІ

923
Шымкентте 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік акция өтті.
«Сәлем хат!» акциясын қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырған, деп хабарлайды Ardak.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көл» субұрқағы маңындағы қоршаулар түрлі-түске боялып, құттықтаулар мен сәлем хаттар ілінген. Онда қаладағы мәдениет ошақтарының қыз-келіншектері ағаларына, інілеріне, әкелері мен замандастарына деген ізгі тілектері мен құттықтауларын қағазға түсірген.
— Бұл идеяны басқарма басшысы Ханзада Есенова ұсынды. Ондағы мақсатымыз — аналардың, қыз-келіншектердің әскердегі ұлдарына, аға-інілеріне деген сағынышын, махаббаты мен құрметін жеткізу. Арулардың сәлем хаттарынан олардың ыстық ықыластары көрініс табады. Қазіргі жағдайға байланысты карантин талаптары сақталуда. Болашақта дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз, — деді Шымкент қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары Марат Оразметов.
Акция аясында «Қазына» би тобының өнерпаздары елдегі арулардың әскердегі замандастарын күтіп алу сәтінен сазды-сахналық көрініс қойды.