МҰРАТ ӘЙТЕНОВ МЕРЕКЕЛІК АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

2097
Бүгін Шымкент қаласында 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні және «Жасыл қала» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шарада қала әкімі М.Әйтенов түрлі этнос өкілдерімен бірге ағаш отырғызып, қаланың көркеюіне өз үлесін қосты.
Онымен бірге, бүгін шаhардағы ескі қалашық аумағында «Shymkent» этноауылы ашылып, жұмысын бастады. Қала әкімі М.Әйтенов рухани жаңғыру бағытында қолға алынған этноауылды аралап, ондағы ұлттық қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысты.
Іс-шара соңында БАҚ өкілдеріне сұқбат берген қала әкімі, тұрғындарды 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.
Бүгінде Қазақстанда 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында татулық пен ауызбіршілік жағдайында өмір сүріп келеді. Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстан өз халқының этникалық және діни әралуандығын проблемаға емес, керісінше, үлкен артықшылыққа айналдыра білді. Мұны бүкіл әлем елдері өздеріне үлгі тұтып отыр. Ендігі міндет — барды бағалау, бірлікті сақтау жолында аянбай еңбек ету. Бұл — әр қазақстандықтың қастерлі борышы.
«Бірлік болмай – тірлік болмас» деген сөз текке айтылмаса керек. Қазіргі қиын кезеңде біз халқымыздың тас-түйін бірлігіне қай кездегіден де көбірек мұқтажбыз.
Өйткені, әлемді әбігерге салған пандемиядан тезірек шығу үшін жұдырықтай жұмылып бірлесе әрекет етуміз керек. Еліміздегі бірлік пен береке, ұйысқан ынтымақ пен халқымыздың қанына біткен сабырлылық қасиеті біздің қатерлі індетті жеңу жолында сенімді қадамдар жасауымызға мүмкіндік беріп отыр.
Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, індеттің таралуына тосқауыл қою жолында аянбай еңбек еткен барша шымкенттіктерге алғыс айтамын. Достық пен туыстықтың туын бірлесе көтерген елдің қандай қиындықты да еңсеретініне, болашағымыздың жарқын екендігіне сенімдіміз.