ҚАЛА ӘКІМІ ОЛИМПИАДАШЫЛ ЖАСТАРҒА ЖЕҢІС ТІЛЕДІ

838

Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен айналысу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, денсаулықты түзеуден бөлек кәсіби шыныға жүріп түрлі додаларда ел намысын қорғауға мүмкіндік бар. Елді бүкіл әлемге спорт арқылы танытуға болады. Әрі спортшы жастарымыз басқа жасөспірімдерге шынығу мен шымырлықта, дені сау ұрпақ қалыптастыруда үлгі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деген болатын. Ел басшысының тапсырмасы ақырындап болса да жүзеге асып келеді.

2020 жылы пандемия салдарынан өтпей қалған XXXII жазғы Олимпиада биылғы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өтеді. Республика бойынша бұл Олимпиадаға ең көп лицензияны шымкенттіктер жеңіп алған екен. Шымкент қаласының қоржынында бүгінгі күні спорттың 7 түрі бойынша 11 олимпиадалық лицензия бар. Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының «Қайырымды қала» залында қала әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады. Кездесуде алдағы байрақты додада сәттілік тілеп, спортшылардың жеңіспен оралуларына сенім білдірді. – Спорт – елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз – біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз!, — деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады. Шымкенттен стенд атудан – Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан – Юрий Юрков; каратэден – Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан – Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан – Алина Адилханова; байдарка және каноэден – Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан – Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.

Жерлестерімізді Олимпиада спорт алаңдарынан тамашалаған шымкенттік жасөспірімдердің талайы спорттық секцияларға жазылып, саламатты өмір салтын өмірінің өзегіне айналдырары анық.