Мәжіліс депутаттары Қайнар Абасов және Сырым Ертаев аймақтарға сапар барысында Түркістан облысының Кентау қаласына барды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Онда трансформатор зауытының ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында «Кентау трасформатор зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев депутаттарға «жаңа станоктар мен машиналар алуға мемлекеттен жеңілдетілген несие қарастырылса, моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы 1 пайыздық несие берілсе» деген ұсынысын жеткізді.
Сонымен қатар, өндіріс орнының жұмысшылары зауыттарда ауыр жұмыс істейтін әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы тілектерін айтты. Өз кезегінде депутат Қ. Абасов аталған ұсыныстарды назарға алатынын жеткізіп, зейнет жасын төмендету мәселесі терең сараптауды қажет ететінін, сайлаушылардың талаптары бойынша ізденіп, жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
«Партияның Сайлауалды бағдарламасын орындау арқылы алдағы 5 жылда еліміздегі белсенді экспорттаушы компаниялар санын 400-ден 1000-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге шикізаттық емес экспортты 2,5 есе арттыру жоспары бар. Ауылдарды аралау барысында кәсіпкерлер тарапынан осы бағытта ұсыныстар мен өтініштер жиі айтылды. Әсіресе, пандемия салдарынан жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау аса қажет. Біз кәсіпорындарды несиелендіру барысын жандандыру үшін Парламентте тиісті ұсыныстар жолдаймыз», – деді Сырым Ертаев.
Жалпы Мәжіліс депутаттары облыста қоғамдық қабылдаулар өткізіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалу барысын саралады. Алдағы уақытта бағдарламаны орындау бойынша өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолында жұмыстар жалғасын табады.
nege.kz