«АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗДЕН АСА ЖАС ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

837

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Шымкент қаласында жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүргізілуде.
Бүгінге дейін жобаға қатысуға 109 жас ниет білдіріп, қазіргі таңда өз мамандығы бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданып, екі жылға тұрақты жұмысқа орналасты.
Алғашқы жұмыс орны жобасы — «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ бағыты аясында жүзеге асырылып отыр. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын енді тәмамдаған жастар 24 ай жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жастар екі жылдық тәжірибе мен біліктілігін арттырады.
Жалпы аталған жобаға 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.
Жобаға қатысушының еңбекақысы – 20 АЕК. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алғашқы 12 айдың еңбекақысын субсидиялайды.
Үміткерлер тіркелген мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығы бөлімшелеріне жеке куәлігі мен білімі туралы құжат көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады.