Қайрат, Төреғали, Бүркіттері бар елде Димаштай талантқа орын жоқ

1742
Біз өзіміздің қаншама рет «керемет өнерлі халықпыз» деп бөркімізді аспанға атып,  мақтанғанымызбен өреміз  биік деп айта алмас едік. Оған қазір дүниежүзіне атағы жайылған, шын мәінідегі «жарық жұлдыз»  Дінмұхамед (Димаш) Құдайбергеновтың жүріп өткен жолы куә. Тіпті кезінде «Славян базары» додасында бас жүлдені қанжығасына байлаған баламызды өз елінде бағалай алмадық. Ол тіпті осындағы қатардағы жай ғана ән конкурсынан өте алмады.
Димаштың мың құбылған керемет дауысын «бақырған, шақырған» дауыспен шатастырып, күлкіге қалдық.   Жоқ, мен бұл арада сол конкурсқа қазылық еткен Ринат пен Бағымды кіналағалы отырған жоқпын. Мұндай ерекше дауысты бағалай алмау олардың деңгейінің төмендігінен емес. Халқымыздың өнердің өрісінен көріне алмайтын, талғамының тым төмендігінен. Тек қана дастарқан басында шайнаңдап шайқалып отырып, ішіп-жеп қызара отырып, ән тыңдайтын, сол үшін жиған-тергенін де шашып жіберетін жерде шынайы өнерге жол берілуші ме еді?
Әңгіме тіпті әлгі қазылар алқасының (жұрт  айта беретін «әділ қазылар» емес)Димашқа деген дөрекі көзқарасында еді. Мәселен, жұрт сыйлайтын, тамаша ақын, батыл азамат Ринаттың Димашқа «Сен неге микрофонды иегіңе жақын ұстайсың? Сахнада дұрыстап тұр» деп жекуі қай мәденеттілікке жатады? Оның өнерін бағаламасаң, бағалама, алайда жас балаға, оның болашағына жанашырлықпен қарау үшін қандай биік таным керек?
Обалы не, ана Бибігүл  мен Розаның «Той әндері үлкен өнер емес» деп үнемі айтып келе жатқанын кім құлағына қыстырыпты? Жоқ, біз үшін ол үлкен өнер, таланттың таусылмас қайнар көзі. Ол үшін Қайрат Нұртасқа бір тойда 8 мың долларды қысылмастан бере саламыз. Оны айтамыз-ау, жақында жаңа ғана танылып келе жатқан Әдіжаппар Әлқожа деген әнші өзінің бір тойда ғана 20 миллион теңге табыс тапқанын мақтана жыр етіп жүр. Ал енді ойланып көрелікші, талғамының осындай деңгейдегі қоғамда Димаш секілді ерекше құбылыстың өзіне лайықты атақ-абыройға бөленуі мімкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Бізде қашанда Қайрат Нұртас пен Төреғали Төрәлілінің, Ернар Айдар мен Бүркіттің аты қашанда озық келеді. Бұл ортада Димаш секілділерге ешқашанда орын жоқ.
Тағы да қадап айтамын, бұл жерде әлгі әншілердің ешбір кінәсі жоқ. Олар Димаштың атағын қызғанбайды да. Мәселе, былайғы жұрттың «көңілге түрлі ой салатын» әндерді түсіне де, түйсіне де алмайтынында. Сондықтан да қазақ Димашты тойға шақырмайды. Қазақ радиосында күндіз-түні беріліп жататын концертте Димаштың әндері естілмейді де. Өйткені оны тыңдайтын құлақ та, оған тебіренетін жан-дүние де жоқ. Қазіргі қазаққа керегі даңғаза у-шу мен фанершілдердің қырылдап айтар бір күндік әндері ғана.
һЕнді кімге сенеміз, кімге үміт артамыз?  Өзімізден оқ бойы ілгері тұрған, Димашты әлемге танытқан  Қытай халқы мен өнердің не екенін шынайы бағалай білетін Еуропа жұртшылығына ғана сенеміз. Ащы болса да, шындық осы.
Жайберген Болатов
Abai.kz