Қазақы ем жаман дертке қарсы тұра ала ма?
Елімізге COVID-19 деген қауіпті дерт келгелі не қымбаттамады десеңізші. «Зімбір, сарымсақ пен лимон коронавирустан құтқарады екен» деген ақпарат тарап, жұрт оларды жаппай сатып алып, бағасы бірден аспандап кетті. Енді «қойдың құйрық майы мен сорпасы бұл аурудан айықтыратын таптырмас ем екен» деген қауесет шықты. Сол-ақ екен, қойдың бағасы да әп-сәтте еселеп өсіп, шарықтап кетті. Ал оның құнын реттейтін де, бақылайтын да ешкім жоқ.
Статистикалық сандарды сөйлетсек, өткен айда еліміздегі сауда орындарында сиыр, жылқы, құс етінің бағасы тұрақты болып қалғанымен, қой етінің құны 3 пайызға өсіпті. Айталық, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының сатушылары қой етінің келісін 1600-1700 теңгеге сатса, енді 2500-3000 теңге сұрайды. Өзге өңірлердегі жағдай да осыған ұқсас. Тұтынушылар көктемде қой етінің бір келісін 1500-1700 теңгеге алса, бүгінде кемінде 2200-2500 теңге төлейді.
Саудагерлердің айтуынша, бағаның күрт өсуіне олардың түк қатысы жоқ. Оған сұранысты бірден арттырған адамдардың өздері мен етті жеткізушілер кінәлі.
– Біз бағаны «билемейміз». Шаруашылықтардан алған еттің үстіне 10-20 пайыз үстемеақы қосамыз да сатамыз. Мысалы, бұрын қой етінің келісін 1500-1700 теңгеге алып, 1700-1900 теңгеге саттық. Қазір шаруалар бағаны өсіріп, бізге 2000-2200 теңгеге береді. Сатушылар табыс табу үшін оның үстіне 300-500 теңге қосып сатады. Қой етіне сұраныс күрт артпағанда баға да бұлай құбылмас еді, – дейді сатушы Айнұр Хамитова.
Қойдың бүтіндей түріндегі бағасы да бір орында тұрған жоқ. Ауылдағы ағайын осыған дейін қорасындағы тоқтысын 15-20 мың теңгеге, үлкен қойды 20-30 мың теңгеге бағаласа, бүгінде бір тоқты үшін 25-30 мың теңге, үлкен қойға 40-50 мың теңге сұрайтын көрінеді. Бұрындары төрт түлігін үнемі арзанға беріп, ұтылып жүрген ауылдықтардың еңбегі бағаланып, қалтасы қампайғаны жақсы, әрине. Әйтсе де осынау қысылтаяң кезеңде «алмай қайда барады» деген оймен әдеттегіден әжептеуір қымбатқа сатып жатқанына күйінесің. Қойдың сорпасын ішіп, құйрық майын жеп, аурудан айығамын дейтіндер амалдың жоқтығынан сатушы айтқан бағаға алуға мәжбүр. Ал ортаға делдалдар киліксе, соңғы тиынға дейін санап беруге дайын бола беріңіз. Себебі олар да әр сатылымнан пайда көру үшін аянып қалмайды. Мәселен, бүгінде бір қойды ауылдан арзанға алып, қалалықтардың пәтерлеріне дейін мүшелеп, қымбатқа жеткізетін пысықайлар пайда болды. Олар мұндай қызметін 60 мың теңгеден 80 мың теңгеге дейін бағалайды.
Өкінішке қарай, қой саудасы мемлекеттік мекемелер тарапынан еш бақыланбайды. Әкімдіктегілер «бұл әлеуметтік маңызы бар тауар емес, сондықтан бағаны реттемейміз» деп қысқа қайырды. Сонда қарапайым халыққа қайтпек керек? Әсіресе Құрбан айт жақындаған тұста қойдың қымбаттауы қисынсыз.
– Жыл сайын мұсылмандық парызымыз бойынша қой сойып, құрбандық шалатын дәстүріміз бар. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, еліміз мына аты жаман аурудан тезірек құтылса екен деп дұға тілеп, құрбандық шалайық деп едік. Содан қой алу үшін хабарландыруларды қарасақ, бір қойдың бағасы 60 мың теңгеге (!) дейін жетіпті. Былтыр 30-35 мың теңгеге сатып алған болатынбыз. Ел басына күн туған осындай қиын уақытта қарапайым халықтың есебінен табысын түгендеуге болмайды ғой. Бұл жұртты қанаудың нақ өзі. Адамдар жұмыссыз қалып, еңбекақысы сақталмайтын демалысқа кетіп жатқан тұста қойды қымбаттату опасыздардың ісі дер едім, – дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Жолдыбай Сәрсенов.
«Қойдың сорпасы мен құйрық майы дертке дауа» деген бір ғана ақпарат қой нарығындағы жағдайды осылайша түбегейлі өзгертті. Ал ғалымдар мен дәрігерлер қой майының, одан дайындалған түрлі «емдік қоспалардың» коронавирусқа қарсы қауқары дәлелденбегенін алға тартады. Керісінше қойдың майын көп көлемде әрі жиі қолданса, денсаулыққа кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қатерлі вирустан емделудің бұл жолын құптамайды. Сондықтан әлеуметтік желілердегі жазбалар мен кеңестердің барлығына бірдей сене беруге болмас. Тұрғындар тарапынан қандай да бір өнімге үлкен сұраныс бар екен деп, оның бағасын бірден аспандатқан да жөн емес. Бұл «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегеннің кері.
Мәриям МАҚСАТ