816

Халықтың табысы күрт азайып кетсе, кедейшілікпен күресуге тура келеді. Сонда бюджеттен одан да артық ақша шығады, дейді депутат.

Парламент мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев өнеркәсәіп иелері мен кәсіпкерлердің «El Tiregi» одағы атынан отандық экономиканы қолдау шараларын ұсынды. Соның ішінде 42 500 теңгені тұрақты түрде төлеу бастамасы да бар, деп жазады sputniknews.kz.

«Біз халыққа шартсыз базалық кірістің көлемін төлеуіміз керек. Жақында Біріккен ұлттар ұйымы да Қазақстанға осындай ұсыныс жасаған. Себебі халықтың біраз бөлігі табыссыз қалады деген қауіп бар. Ал базалық кірістің мөлшері төленсе, ол ақша ешқайда кетпейді. Бұл қаржының барлығы ел экономикасында қалады. «Шартсыз базалық кіріс» деген ол – қазіргі 42 500 теңге. Бірақ оны табысы төмен азаматтарға тұрақты түрде беріп тұру қажет», — деді Әлтаев AntikorLive алаңына берген сұхбатында.

Одақ басшысы осы төлемді карантин кезінде ғана емес, одан кейін де төлеуді ұсынып отыр. Бір-екі жылдай пилоттық жоба үлгісінде қолға алуға болады деген пікірде.

«Мысалы, бір-екі жылдай төлеп көруге болады. Артынан осы бастаманың экономикаға ғана емес, халықтың көңіл-күйіне қалай әсер еткенін байқап көру керек», — деп атап көрсетті Әлтаев.

Оның айтуынша, халықтың табысы күрт азайып кетсе, кедейшілікпен күресуге тура келеді. Сонда бюджеттен одан да артық ақша шығады. Себебі қылмыс көбейеді. Халықтың наразылығы күшейеді.

«Табысы жоқ адам өз отбасын асырау үшін кез келген қылмысқа барады. Көліктің айнасын да, дөңгелегін де ұрлайды, тіпті, адам өлтіруі мүмкін. Сондықтан табыстың төмендеуі мен кедейшіліктің салдарын азайтуға қыруар қаржы салғанша қазір шартсыз базалық кірісті төлеп, халықтың әл-ауқатын қауіпсіз деңгейде ұстаған жөн. Мемлекетке солай істеген тиімді. Әйтпесе, ертең осы проблеманың салдары одан да ауыр болады», — дейді Әлтаев.