Басты Қазақстан Назарбаев: Қазақстанда тігуге болатын киім-кешек пен қайдағы жоқ шұрым-бұрымды импорттап отырмыз
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада өткен телекөпір барысында кәсіпкерлерді халық тұтынуына арналған отандық тауарларға назар аударуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.
Өз сөзінде елбасы елімізде өндіруге болатын киім-кешек пен тұрмыстық заттарды шет елдерден импорттап отырғанымызды айтты.
«Қазақстанда тігуге болатын киім-кешек пен қайдағы жоқ шұрым-бұрымды импорттап отырмыз. «Атамекен» бұған баса назар аударуы тиіс. Біз аспанда қалықтап жүрміз. Зауыт салу қажет, көлік жасау қажет дейміз. Ал адамдар қарапайым дүниелерді білмейді. Барлығымыз да шетелдік қымбат киімдерді киеміз. Соны өзіміздің ішімізде неге өндірмеске? Бүгінде біздің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымыз өте жақсы тауар шығаратындығын білемін. Біз жарнамалауды, отандық өнімдерді пайдалануды білмейміз», – дейді президент.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетімізде көлік жасау саласы қарқынды даму үстінде екенін айтты. Бұл кәсіпорындардың жаңғыруына мүмкіндік береді.
«Көлік жасау саласы болса, онда жаңа тауар, жаңа өнім болады. Демек, біздің кәсіпорындарымыз жаңғырады. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 2,6 есе ұлғайды. Бүгінде еліміздің ішінде сатылған жеңіл және жүк көліктің әр екіншісі отандық кәсіпорындарда шығарылған», – дейді мемлекет басшысы.