ЖАС АҚЫНДАР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КҮМІС ҚАЛАМ» ПОЭЗИЯЛЫҚ КЕШІ БАСТАЛДЫ

1268
Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты жас ақындар арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы мен «Күміс қалам» поэзиялық кеші өтеді.
Бүгін жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс қалам» поэзиялық кешінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас ақындар бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тілеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктерді насихаттау, әдеби үрдісте дарынды жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу. Жас таланттар мен оқырмандардың, әдебиеттегі аға буын мен жас толқынның өзара ауыз біршілікте болуын, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Аталмыш байқауға республиканың 14 пен 29 жасқа дейінгі 30 айтыскер мен 30 жазба ақыны қатысуға ниет білдірген. Осы ретте нәтиже бойынша 16 айтыскер және 20 жазба ақын іріктелді. Жазба ақындар 5 қазан күні, айтыскерлер 6 қазан күні өтетін додада бақ сынайды.
Поэзиялық кештің жеңімпаздарына, бас жүлде – «КҮМІС ҚАЛАМ» иегеріне арнайы күмістен жасалған қалам мен бағалы сыйлық табысталады, ал финалистке «Есенғали Раушанов» атындағы арнайы сыйлық беріледі. Сонымен қатар, жартылай финалға өткен 4 ақынға «Жәркен Бөдешұлы» атындағы, «Әбілда Аймақ» атындағы, «Жеңіс Баһадүр» атындағы, «Әділ Ботпанов» атындағы арнайы сыйлықтар табысталады. Ал қалған 14 ақын қаламақы мен бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Ал 6 қазан күні өтетін айтыстың бірінші кезеңінде (түске дейін) 16 ақын бір-бірімен жұптасады. Бұл ретте 8 жұп 20-25 минут көлемінде айтысады. Қазылар алқасының шешімімен финалға 8 немесе 6 айтыскер жолдама алады. Ал финалда (түстен кейін) жалпы 4 немесе 3 жұп 15 минут көлемінде айтысып, жеңімпаз анықталады. Айтыс нәтижесі бойынша 16 ақынның ішінен оза шапқан жеңімпаз күмістен жасалған домбыраға және бағалы сыйлыққа ие болады.’