Қағаз жазудан қолы босап, ұстаз қашан бала оқытады?

1190

Ұстаздың негізгі міндеті – шәкірт оқыту, дәрігердің қызметі – науқасты емдеу. Алайда соңғы жылдары екі мамандық иесі де қағазбасты мамандарға айналғаны соншалық – өздерінің негізгі міндеттерін ұмытуға айналды. Тіпті кейбіреулері бәрін қағаз жүзінде қатырып, негізгі міндеті әлсірей бастады. Бұл мәселе осыдан үш жыл бұрын оқу жылының алдындағы тамыз конференциясында талқыға түсіп, Аймағамбетов ұстаздарды қағаздан арашалауға уәде берген болатын.

Бас ұстаз арнайы бұйрық шығарып, мектеп мұғалімі толтыратын құжаттардың нақты тізімі көрсетіліп, артық құжатқа жегілмейтіні айтылған еді. Нақтырақ айтсақ, білім және ғылым министрі: «Бір облысты тексердік. Онда мұғалімге 130 құжат тексерту міндеттелген екен. Ең қынжылтатыны – ұстаздар сол құжаттарды, қаншама есептерді толтырады, бірақ бұл құжат, есептер ешкімге керек емес. Енді мұғалімдер бес құжат қана толтырады, олар: журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік сабақ жоспары. Мұғалім тек осы құжаттарды ғана толтыруға міндетті. Басқасына уақыт кетіруге міндетті емес. Мектеп басшылығы артық жұмыс берсе, арыз түсіріп, Білімді бақылау департаментіне xабарласуға болады. Ондай департаменттер барлық облыста бар. Арыз түссе, тиісті шаралар қолға алынады», – деген еді.

Бірақ үш жылдан бері қағаз жазу көбеймесе, азаймағаны байқалады. Оны күнделікті үйде отырғанда балаларымыздың сынып жетекшілерінің «kundelik.kz-ке кіріңіздерші, ашып-жабыңыздаршы ең болмаса», «Үй тапсырмасын жазбаймын, kundelik.kz-тен қараңыздар» деген шырылынан байқаймыз. Оны толтырғаны аздай, неғұрлым көбірек қаралуын да ұстаздарға жүктеген секілді. Айтпақшы, дәл осы сайт қазір ұстаздардың бас ауруы болып тұр. Үш жылдан бері цифрланғанның жөні осы екен деді ме, білім министрлігі электронды журналды ойлап тапты. «Күнделік.кз» сайтына кіріп, тіркелу арқылы толтырылатын бұл электронды журнал дәстүрлі қағаз журналмен қатар жүргізіледі әрі екеуінің өзара сәйкес келу шарттылығы бар. Онсыз да уақыты сабаққа дайындалуға тым қысқа ұстаз қағазбастылыққа көміліп, екі журналды қатар толтыратын болды.

Жасыратыны жоқ, оқушы қағаздың тасасында қалған ұстазға зәру болып отыр. Ал мектепте білімнің тиянақты берілмеуі салдарынан қазір талай ата-ана баласына қосымша репетитор жалдауға мәжбүр. Өйткені онсыз да күрделі бағдарламаны оқушы мектепте игеріп үлгермейді, ал өзінің пән мұғалімі қағаз жазудан босамайды. Ата-ана еріксіз қосымша ұстаз іздеуге мәжбүр. Осылайша қазір қосымша сабақ беретін ұстаздардың, курстардың, дайындық орталықтарының дәурені жүріп тұр. Ұстаз болуды қалағанымен, «қағаз кеміргішке» айналған ұстазға араша түсер ешкім табылмауда.

Мұғалімнің бар уақыты, көңілі оқушыда болуы тиіс болғанымен, дәл қазір қағазбастылықтан оған уақыт таппайтын дәрежеге жетті. Бұрын ұстаздар бос уақыты болса, біліктілігін арттырып, оқушыға көңіл бөліп, сабақты оқушы санасына жеткізу үшін түрлі әдістемелер іздейтін, қазір қағазға көміліп, тіпті мектепте үлгере алмаған қағазын үйге әкеліп жазатын деңгейге жетті. Қағазбастылыққа наразы болғанымен, оны көрсететін шамасы да жоқ. Сағатынан, яғни жүктемесінен айырылып қалудан қорқады. Әсіресе дәл қазір ұстаздар жалақысының өсуі оларды тіпті жуасытты. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп сабағын беріп, жалақысын алып отырса болды. Жоғарыда министр атап өткендей, Білімді бақылау департаментіне хабарласпақ түгіл, директорға қарсы сөз айта алмайтын дәрежеге жетті.

Рас, қағазбастылықты азайту мақсатында мектептердің барлығы компьютерлендірілді. Сөйтсе де, жағдай әлі түзелген жоқ. Осындай жағдайда ұстаздың жеткен жетістігі, оқушылардың олимпиададан орын алуы, іскерлігі, шығармашылығы сұралып жатады. Ертеңгі күнгі сабаққа әзірленетін уақыты жоқ мұғалімде қандай жетістік болсын?! Мұғалім жұмыс істеп, оқушыға баса назар аударғанда ғана жетістікке қол жеткізе алады. Ал өзінің не істеп, не қойғанын жазып отырған мұғалімде қандай жетістік болуы мүмкін?

Сондай-ақ министр Аймағамбетов мұғалімдерді қағазбасты жұмысқа салғандарға айыппұл салынатыны жайлы ескертіп: «Мұғалімді қызметтен тыс жұмысқа тартқан адамдарға басында ескерту жасалады. Одан кейін 20 АЕК көлеміндегі тиісті айыппұлдар бар», – деген болатын. Алайда ұстаздар қағазбастылықтарына шағымданбағандықтан, бұл заң да өз дәрежесінде жұмыс істемей тұр. Есесіне ұстаздар дәл қазір санаққа дейін араласуда.

Ақтөбе облысынан хабарласқан, алайда аты-жөнін, мектебінің нөмірін көрсетуден өлердей қорыққан ұстаздардың бірі: «Бүгін, сенбі күні сабағым жоқ екеніне қарамастан, жұмыста отырмын. Оқушыларымның санаққа тіркелмеген ата-аналарының атынан сайтқа кіріп, санағын толтырып отырмын. Мектеп әкімшілігі өз сыныбымның ата-аналарын санаққа тартуды талап еткен болатын. Бірақ көп ата-аналар оны электронды істей алмағандықтан, өзім толтырып отырмын. Санақтан өткені туралы код керек. Негізі, санақтан басқа да қағаз жететін еді. Қазір іспен көрінуден гөрі қағаз жазып, есеп беру кең етек алды. Ісіңнен бұрын, қағаздарың сай, барлығы ұқыпты толтырылып, жазылып тұрса, құлағың тыныш», – дейді.

Айналып келіп, бұл жұмысқа ұстаздар жегілетін болса, санаққа бюджеттен 9,1 миллиард теңгені не үшін бөлдік? Қағазбастылық білім сапасының төмендеуіне, мұғалімнің кәсіби тұрғыдан өспеуіне, шығармашылықпен айналыспауына, ең бастысы, оқушы білімінің төмендеуіне алып келді.

Осы орайда айта кетер жайт, жақында ғана Ranking.kz зерттеуінде білім беру жүйесінің сапасы бойынша елдер рейтингі жарияланды. Қазақстан әлемдегі 93 елдің ішінен 62-орынды иеленіп, Қырғызстаннан да төменгі орынға жайғасқан. Білім беру саласындағы үздік елдер деп Ұлыбритания, АҚШ және Австралия көрсетілген. Рейтингке енген ТМД елдерінің ішінде білім беру жүйесі сапасының көрсеткіштері Қазақстанға қарағанда жоғары ел Ресей 36-орында болса, Қырғызстан 55-орында тұр. Қазақстаннан төмен сатыда тұрған мемлекеттер қатарында Әзірбайжан 69-орынды иеленсе, Түрікменстан 86-орында тұр. Бәлкім, қағаздан бас көтеріп, оқушының біліміне мән беретін кез жеткен шығар?!

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ