«Даму» қоры осы жылдың 9 айындағы жұмысын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне жария етті.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылық қолдау көрсетіп, мониторинг жүргізетін қаржы агенті ретінде құрылған «Даму» қоры талай кәсіпкердің кәсібін өрге домалатуға септігін тигізгені рас.
Әсіресе, індет өршіген тұста тоқырап қалған шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің қайта көтеріліп кетуі үшін бірқатар жобаны қаржыландырды. Атап айтқанда, 19 563 жобаға 826 млрд теңге көлемінде несие сомасын төледі. Қазақстан үкіметінің тапсырмасы бойынша, бұл 3 кезеңге бөліп қарастырылды. Бірінші кезеңде 8921 жобаға қол қойылып, 476 млрд теңге несие сомасы бөлінсе, екінші кезеңде 3 323 жоба мақұлданып, 104 млрд теңге көзделді. Ал үшінші кезеңде 7319 жобаға 246 млрд теңге несие сомасы өз иесін тапты.
Бір айта кетерлігі, қордың көмегіне жүгінетін кәсіпкерлердің 50 пайызға жуығы – әйел қауымы. Мұны қор мамандары да нақты дәлелмен жеткізді. Себебі, қазір қоғамдық тамақтану орындары, ірілі-ұсақ кәсіпті жүргізіп жүрген де әйелдер. Сондықтан қор тарапынан оларға әркез қолдау жасалып келеді екен.
Демек, Қазақстанның микро, шағын және орта кәсіпорындарының несие сомасы 1,7 трлн теңге болатын 33,2 мың жобаға қолдау көрсеткен. 2020 жылы Қазақстан үкіметі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың теңдесіз шараларын қабылдаған кезде «Даму» қоры несие сомасы 1,6 трлн теңге болатын 32,6 мың жобаға қолдау көрсетті. «Даму» қоры биыл қолдау алған жобалар мен несие қоржыны 10 пайызға артады деп болжап отыр.
Қазақстан үкіметі бекіткен дағдарысқа қарсы шаралар пакеті мен экономикалық өсімді қалпына келтіруге арналған кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында экономиканың негұрлым зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерге «Даму» қоры арқылы несие қоржыны 826 млрд теңге болатын 19, 5 мың жоба субсидия берілді. Бұл субсидия шамамен 17 млрд теңгені құрайды. Қазан айына дейінгі жағдай бойынша «Даму» қоры қырзмет көрсеткен жылдар ішінде қаржы құралдарын қолдана отырып, несие сомасы 8,2 трлн теңге болатын 139, 9 мың шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көрсетті.