Қытай Қазақстаннан келетін пойыздарды шекарадан көбірек өткізетін болды.
Екі ел шекарасындағы бүгінгі жағдайға байланысты өткен онлайн кеңесте осындай келісімге қол жеткізілді. Жиынға қос тараптың осы саладағы ұлттық компаниялары мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты. Оның аясында Қытай жағы Қазақстанға импорттық контейнерлерді жөнелтуді тездетуге ниет танытты.
Біраздан бері екі ортада тұралап қалған жүктердің тең жарымы айдың аяғына дейін межелі жерге жіберіледі, делінген Қазақстан темір жолы таратқан хабарламада. Компания мәселені шешу үшін барлық шара жасалып жатқанын, оны Үкімет өз бақылауына алғанын атап өтті. Осыған дейін Асқар Мамин мемлекеттер арасында автомобиль және теміржол арқылы жүк тасымалдауда кедергі барын айтып, Қытай премьері Ли Кэцянның атына хат жолдаған болатын.