Қарағандыда мемлекеттік қызметкерлердің 32 заңсыз кәсібі әшкереленді

928

Қарағандыда мемлекеттік қызметкерлердің 32 заңсыз кәсібі әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Астана арнасының хабарлауынша, мемлекеттік қызметкерлер мектептер мен мемлекеттік мекемелерде кәсіпкерлікпен айналысқан. Шенеуніктердің заңсыз тірлігін Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл департаментінің мамандары әшкереледі. Мектеп директорлары, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер оқу орындарында жеке меншік дүкендерін ашып, мемлекеттік тапсырысқа қатысып, тіпті шаруа қожалықтары үшін үкіметтен субсидия да алған көрінеді.

«Көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысқан. Шаруа қожалығын тіркеген. Оған субсидия алып келген. Мемлекеттік тапсырысқа қатысқан. Ақпараттандыру саласында да қызмет көрсеткен. Балалар киімін сатқан. Бұл тізімде Бұқар жырау, Шет, Ұлытау, Қарқаралы аудандарындағы мектеп директорлары  бар», — деді Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының бас маманы Ердос Әбдірахманов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомства өкілдерінің айтуынша, құрыққа ілінгендердің көбі белсенді кәсіпкерлерге айналған. Бірнеше айдың өзінде заңсыз бизнесін дөңгелетіп отырған 32 адам анықталыпты. Оның ішінде білім беру саласы көш бастайды.  Құқық қорғаушылар енді жер заңнамасына қатысты рейдтер өткізуді жоспарлап отыр.