Полицейлерге елді мекендерде қозғалмалы радарды пайдалануға тыйым салынбақ

1198
Жол-көлік полициясына елді мекендерде қозғалмалы радарды пайдалануға тыйым салынатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Полицияның жеке қызмет түрлері бойынша жемқорлықты азайту үшін бірқатар шаралар қабылданады. Бұл ретте патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысына маңыз берілмек. Атап айтқанда, бұл жоспарда видеотіркеуіштерді басқару және пайдалану процесін автоматтандыру, видеотіркеуіштің ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, қозғалмалы радарларды елдімекендерде пайдалануға тыйым салу шаралары бар. Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу үшін тексеру тұрақты негізде жүргізіледі», — деді елордада ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспарын оқыған адам құқығы мен халықаралық құқық саласындағы тәуелсіз сарапшы Назгүл Ерғалиева.
Сарапшы өз сөзінде жоғарыда аталған шарттар қоғамдастық және ведомстволар әзірлеген ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспарына енетінін атап өтті.
Айта кетсек, бүгін елордада ІІМ мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығы азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде ішкі істер министрлігінің Жол картасы негізінде қоғамдастық және ведомстволар әзірлеген ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспары таныстырылды.
«Реформа бағдарламасын әзірлеуде белсенді түрде атсалысып жүрген азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді. ІІМ Сіздермен әрдайым бірлесе еңбек етуге дайын. ІІМ тек сынның астында қалатын орган емес, сенімге ие болғанын қалаймыз», — деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.