Тірісінде кесене сап алған экс-судьяның бұрынғы келіні: «Жерге кірердей ұялдым»

1605

Көзі тірісінде өзі мен әйеліне кесене салып алды делінген Түркістан облысындағы бұрынғы судья Бекет Тұрғараевтың экс-келіні көптің қызу талқысына түскен ақпаратқа қатысты өз пікірін білдірді. Айта кетейік, экс-судьяның бұрынғы келіні – танымал адвокат Ляззат Ахатова.

Бұрынғы келін қайын атасының бұл әрекетінен қатты ұялған. Адвокат бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

«…Көзі бар адамдар көріп отыр. Өзіндік ой-пікірі бар адам таным деңгейіне қарай ой түйеді. Ол кісінің өзі жауап беріп жатыр екен, менің ол кесенеге еш қатысым жоқ. Оған, әрине, қуанам. Көп нәрсе айтуға, тіл қысқа… Ортада балалар бар. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген. Жаманды-жақсылы 23 жыл сол шаңырақтың келіні болыппын. Ал ол видеоны әріптестерім ватсапқа жібергенде, жерге кірердей қысылғаным рас», — деп жазды ол.

Ляззат Ахатова бұрынғы қайын атасының бұл әрекетінен не үшін ұялғанын да түсіндірген.

«Пандемиядан әзер есін жиған халықты бір жағы қымбатшылық қысып, қарызға азық-түлік алып жатқанда, әулиелердің атын жамылып, зәулім сарайдай кесене салып, оның ішіне өз отбасы мүшелеріне ескерткіш орнатып жатқан жандармен бір туыс болғаным үшін ұялдым, басқа қандай реакция болуы мүмкін еді?..

Дәл қазіргі уақыт сән-салтанат құратын уақыт па еді? Сол нәрсеге кеткен қыруар қаражатты үйсіз-күйсіз жүрген шын мұқтаж жандарға, жетім-жесірге жұмсаса, кеудемді мақтаныш сезімі кернер еді-ау», — деп жазды адвокат.

Экс-судьяның бұрынғы келіні Рамазан айында ол кісілердің біліп-білмей істеген күнәларын, астамсыған пенделік әрекеттерін кешсін деп тілеймін деп отыр. Өйткені балалары сол әулеттің ұрпағы.

«Әркім өз ісіне өзі жауап береді. Адамның алдында да, Алланың алдында да. Маған артық әңгіме жазбасаңыздар екен, өтініш. Жаңа Қазақстанды шынымен құрамыз десек, шенеуніктердің дүние-мүліктері түгел тексеруден өтіп, мұндай әрекеттерге тосқауыл қойылуы керек. Мемлекеттік қызметте, сот саласында таза адамдар ғана жұмыс істеуі керек. Бұл менің қоғам мүшесі ретіндегі ұстанымым, көзқарасым, пікірім.

«Платон — менің досым, алайда ақиқат қымбат». Ең жақсы көретін цитатам. Осындай ұстаным барда ғана, елімізде шын мәнінде даму болатынына сенем» деп сөзін түйді ол.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде бұрынғы сот судьясы әйелі мен өзіне көзі тірісінде даңғарадай мавзолей соғып алды деген видео тарады. Сот саласының бұрынғы қызметкері Бекет Тұрғараев ол кесенені нендей мақсатпен салғанын түсіндірді. Бұл туралы ол Экспресс К тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Зейнеткер алдағы уақытта өзіне де ескерткіш қоямын деп отыр.