«Ресей НАТО-мен соғысқысы келмейді» — АҚШ Қорғаныс министрі

1191

Ресей көрші елді екі күнде басып аламын деген жоспары мен ойынан айнып, екі айдан астам уақытқа созылған соғыстан әлсіреп кетті

АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресейдің Украинадағы соғысына қатысты пікір білдірді. Ол әскери маман ретінде Ресейдің Солтүстік Альянсқа мүше елдерге соғыс ашуға шамасы келмейтінін, қазір Кремльдің қауқары Украинадағы соғыстың өзіне әрең жетіп отырғанын атап өтті.

Путиннің соғыс тәсіліне қарап, Ресейдің НАТО-мен соғысқысы келмейтінін түсіндім, — деді ол.

Бұған дейін де ол АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен бірге Киев қаласына барған сапарында Украинаның президенті Владимир Зеленскийге Құрама штаттар мен НАТО елдерінің қолдау көрсететінін, Ресейдің жоспарының іске аспайтынын айтқан болатын.

Сол кезде Ллойд Остин мен Зеленский Батыс мемлекеттерінің Ресейге санкция саясатын күшейтіп, Украинаға қаржылай қолдау көрсету және қауіпсіздік кепілдік жөнінде сөз қозғады. Қазір екі жақты келіссөздер нәтижесін беріп отыр. Украина АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің көмегін көптеп алып жатыр. Ресей көрші елді екі күнде басып аламын деген жоспары мен ойынан айнып, екі айдан астам уақытқа созылған соғыстан әлсіреп барады.

Дастан Жұмабекұлы