ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ НҰРЛАН ҚҰДИЯРҰЛЫ БЕКНАЗАРОВ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

1687
ҚР Парламент сенатының депутаты Нұрлан Құдиярұлы Бекназаров мегаполистегі белсенді жастармен бейресми кездесу өткізді. Басқосуға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Кеуенова Мөлдір, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Мағжан Исахов пен жас кәсіпкерлер, спортшылар, ақындар мен студенттер қатысты.

Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен кездесуде жастармен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Басқосуда үшінші мегаполистің жастарының жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін мәселелер айтылды.

ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Құдиярұлы «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев конституциялық өзгерістер бойынша жалпыұлттық референдумның маңыздылығы жөнінде атап өтті. Азаматтар өз ұстанымдарын білдіру арқылы болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті, Отан алдындағы маңызды борышты жете ұғына түседі. Конституциялық сот құрылатынын, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалатынын, елімізде өлім жазасы мүлде жойылатындығын, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашатынын тілге тиек етті. Мен мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып барша қазақстандықтарды еліміз, болашағымыз үшін тарихи бетбұрысқа бастайтын маңызды шараға, халық үніне құлақ асуға негізделген халықтық референдумға белсене қатысып, 5 маусым күні өз таңдауларыңызды білдіруге шақырамын.» — деді.

Бейресми кездесуге келген өскелең ұрпақ өкілдері Сенат депутатына емін-еркін сұрақтарын қойып, ойлары мен ұсыныстарын айтты. Нұрлан Құдиярұлы жастарға елдегі соңғы оқиғалардан үнемі хабардар болып, қоғамда белсенді болу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, өзін-өзі үнемі жетілдіру қажеттігін еске салды.