БІР АЙДА 109 БІРЫҢҒАЙ ОРТАЛЫҒЫНА КЕЛІП ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕРДІҢ 94 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛҒАН

402

Шымкент қаласындағы «i-Shymkent» ситуациялық орталығына бір айда келіп түскен өтініштердің 94 пайызы орындалған, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілетеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің төрағалығымен өткен бүгінгі аппараттық мәжілісте тұрғындар өтінішінің орындалу барысы талқыланды.

Мәжілісте «i-Shymkent» ситуациялық орталықтың басшысы Азат Әміртаев сәуір айында тұрғындар тарапынан 109 бірыңғай байланыс нөміріне келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысын баяндады.

Өткен айда барлығы 9967 арыз — шағым келіп түскен. Аталған өтініштердің 9407 -і орындалған болса, 500 — ден астам сауал қаралып жатыр.

«Келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі. Сәуір айына бұл саладағы өтініштердің 96 пайызына жауап берілген. Жалпы жыл басынан бері осы сала бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз -шағымдарды орындау нәтижесінде 4467 қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапты. Яғни мәселелер 15 пайызға төмендеді. Сонымен бірге заңсыз орнатылған 47 жарнама алынды. Сондай-ақ, 157 жол белгілері қойылып, жолақтар сызылды. Ал 84 көшеге асфальт төселініп, ойық жерлер қалпына келтірілді», — орталықтың басшысы Азат Әміртаев.

Сонымен қатар, жиында қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов «i-Shymkent» ситуациялық орталығы халықпен кері байланыс орнатудың тиімді құралы екенін айтып, кез — келген өтінішке дер кезінде жауап беруді және сол шағым бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Сіздердің барлық шағымдарыңыз қала әкімі Мұрат Айтеновтың басты назарында. Шешілмей жатқан мәселелеріңіз немесе сауалдарыңыз болса, Бірыңғай тегін 109 нөміріне хабарласа алатындарыңызды назарларыңызға жеткіземін. Қаламызды бірге көркейтейік!