Бүгін Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде қазақтың арда азаматтарының есімі ұлықталды. Ел басқаруда өнегелі тірлігі мен өрелі ісі қалған Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы мен Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай оқу ордасында арнайы бұрыш ашылды, деп хабарлайды ақпараттық-коммуникациялық орталыққа сілтеме жасаған ardak.kz. Іс-шара «Ауыл» ХДПП Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы мен білім ордасының бастамасымен ұйымдастырылған.
Мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған арнайы бұрыштың лентасын зиялы қауым өкілдері Ш. Мырзахметов пен еңбек ардагері Қ.Әріпбаев қиды.
— Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров — сыйлас, замандас, елі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, тұлғаларымыз арамыздан алыстаса да, олардың ұлт үшін еткен еңбегі тарихқа алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз. Осындай ел ағаларының өмір жолын оқып, біліп өскен колледж студенттері қазақ елінің үлкен азаматтары болғай, — деді Шалатай Мырзахметов.
Ал, еңбек ардагері Қ.Әріпбаев Асанбай Асқаровпен қызметтес болған жылдардағы естелігімен бөлісті.
— Ұзақ жылдар бойы Асекеңмен қызметтес болып, Дінмұхамед Қонаевпен бірнеше мәрте жүздесудің сәті түскен болатын. Арда азаматтарымыздың ұлтжандылығы, ісіне адалдығы, өзіне емес, еліме болса деген азаматтығы, әрдайым үлкенді құрметтеп, кішіге ізет жасап, жол көрсеткені, бәрі-бәрі көзкөрген азаматтардың есінде. Халық қалаулыларының қалтқысыз еңбегін әрбір келер ұрпақ есінде мәңгі сақтап, дәріптеуі тиіс, — деді ол.
Салтанатты шара «Елі бар ердің есімі мәңгі өшпейді» атты тарихи-танымдық конференцияға ұласты. Жиынға Досыбай Айтбайұлы Шерімқұлов төрағалық етті.
— Мемлекет және қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың өмір жолын, еңбегін дәріптеп, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында өңірдегі көзкөрген, қызметтес болған зиялы қауым өкілдерінің басын қосып отырмыз. Қазақ елінің бүгіні үшін, елдігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың өмір жолы — барша жастарға өнеге. Конференцияға қатысып отырған зиялы қауым өкілдері тарихқа кеңінен көз жүгіртіп, өздерінің естеліктерімен бөлісті.
Конференцияда айтылған әрбір сөз жастардың жүрегіне жол тауып, мәңгілік жадында қалады деген сенімдемін, — дейді Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің директоры Мұсахан Өтегенов.