ШЫМКЕНТТЕ ЖАЗДЫҢ «ЕҢ ТӘТТІ» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

1023

Шымкентте қала күні мерекесіне орай екі күнге жалғасатын «Balmuzdaq Fest» фестивалі басталды, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған іс-шара Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Оған қаладағы 35 кәсіпкер өтінімін білдірген. Оның ішінде, балмұздақ, салқын сусындар мен тағамдар бар. Қала үшін айтулы күнге орай гастрономиялық туризмді дамытып жүрген кәсіпкерлер балмұздақтардың сан түрін әзірлеп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына ұсынуда.

Сондай-ақ, келушілер арасында конкурстық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар үшін сыйлықтар әзірленген. Онда ресторандарға арналған жеңілдіктер мен тегін тамақтану мүмкіндігі қарастырылған.

Шымкент қаласын еліміздің гастрономиялық орталығына айналдыру мақсатында жүзеге асқан фестивальде тіскебасарлар ғана ұсынылып қоймай, келушілер үшін концерттік және балалар үшін аниматорлық, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынылуда.

Сонымен қатар, қыш-құмыра, аква грим жасаудан шеберлік сабақтары өтіп, «Шымкент шайы» таратылып жатыр. Аспаздар кәуап пісіріп, балмұздақ дайындауда өз құпияларымен бөлісуде.

Таңнан басталған іс-шара кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Кәсіпкерлер өз өнімдерін мерекелік күнде сату арқылы табыс көзін арттыруы күтілуде. Жалпы, іс-шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып жатыр.

Одан бөлек, «Мен мұндай жобаны алғаш рет көрдім». Шырайлы Шымқалаға саяхаттап келген Катар елінің азаматы Абдул Азиз «Balmuzdaq Fest» жобасы туралы пікір білдірді. Әрі ол  Шымкенттің туған күнінен тұспа-тұс келгеніне ерекше қуанғанын айтты.

– Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Маған халықтың қонақжайлылығы қатты ұнады. табиғаты да өте тамаша. Мен Шымкентке қала күніне тұспа-тұс келген екенмін. Мұны білгенде қатты қуандым. Әрі бүгін ерекше фестивальге қонақ болдым, мұндағы бағалар біздің елімізге қарағанда әлдеқайда арзан екен. Шымкент тұрғындарын қала күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Қала әрқашан дамып, гүлдене берсін! – дейді Катар елінің азаматы, турист Абдул Азиз Нассер Ашканани.

Ал Шымкент тұрғыны Назира Анарбекова бүгінгі тәтті мерекені естіп немерелерін арнайы алып келіпті. Тіпті, көршілес Өзбекстанның Ташкент қаласынан да немересін шақыртыпты.

–  Фестиваль туралы естіп бірден келеміз дедік. Арнайы жеңілдіктері бар екен. Немерелерімді алып келдім. Өте қатты ұнап жатыр,– дейді Назира.