«ШАРЫҚТАЙ БЕР, ШЫМҚАЛАМ!» КОНЦЕРТІ ӨТТІ

1222

Үшінші мегаполистегі Қала күніне арналған іс-шаралар гала-концертпен қорытындыланды. Әл-Фараби алаңында өткен мерекелік кешті Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, Ләйлә Сұлтанқызы және Нұрсұлтан Құрман жүргізіп отырды.

«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі достар! Бүгін барлығымыз Шымкент қаласының туған күнін атап өтеміз. Сондықтан, бүгін барлығымыз шымкенттікпіз, жерлеспіз» деген жүргізушілер түрлі қызықты сұрақтар қойып, естеліктер айтып, көпшіліктің көңіл-күйін көтеруге атсалысты. Қорытынды кешке Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатыстып, көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Құрметті шымкенттіктер! Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын! Шымкент тұрғындарының орташа жасы – 28-де, қаламыз жастардың қаласы саналады. 2200 жылдан астам тарихы бар шаһардың мегаполис атанғанына да биыл 4 жыл толды. Осы уақыт ішінде қалада көптеген өзгеріс орын алып, Шымкент бұрынғыдан да дами түсті. Бүгін футболшыларымыз да қала күніне сыйлық жасады. «Ордабасы» клубы Оңтүстік дербиінде «Тараз» командасынан 3-2 есебімен басым түсті. Ал осынау мерекелік концертті ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Шымкент қаласы дами берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бұдан кейін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары көпшілікке арнап ән салып, концерт көркін қыздыра түсті.

Концертте барша қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары — «Жігіттер» тобы, Заттыбек Көпбосынов, Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Бауыржан Исаев және өзге де әншілер өнер көрсетті. Кеш соңы от шашумен аяқталды.

Биыл Шымкентте Қала күні үшінші рет тойланып отыр. 2200 жылдық тарихы бар көне қала осыдан 4 жыл алдын мегаполис статусын алды.

Мереке қарсаңында қалада жиырмаға жуық іс-шара ұйымдастырылған болатын. Қала күніне орай саябақтарда мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе қаланың кішкентай тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Н.Бектаев
Фото – Серік Қосаев