ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

560

Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты артып келеді, деп жазады «Оңтүстік» телеарнасына сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Үшінші мегаполис елімізде ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттайтын ірі орталыққа айналды. Ауылшаруашылығы саласы ең алдымен – ұлттық экономиканың негізгі құрамдас бөлігі. Бұл сала соңғы жылдары шырайлы қалада қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Мегаполис жыл басынан бері өзге мемлекеттерге 93 миллион АҚШ долларының тауарын саудаланған. Ол былтырғы жылдан отыз пайызға көп. Оның жетпіс пайызға жуығы терең өңдеуден өтіп, өзіндік құны жоғарылаған заттар.

Сонымен қатар,  шағын цехта тәулігіне 25 тонна сүт өңделеді. Яғни сүзбе, ірімшік секілді дайын өнімдерді шығарады. Төңіректегі ауылдарда тұратындар сауған сүтін жиып осында өткізеді. Кәсіп иесі ауылдастарына әрі жұмыс та тауып беріп отыр.

Ал экспорттық тауарлардың ішінде ұн және одан жасалған өнімдердің үлес салмағы басымдық беруде. Қалада орналасқан бір ғана макарон фабрикасының өзі тәулігіне 100 тоннадан астам өнім шығарып отыр. Отандық тауар Ресей, Грузия, сондай-ақ, Қырғызстан мен Өзбекстанға жіберіледі.

Айта ктейік, Шымкент шаһарында биыл «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының құрылысы басталды. Мұнда  шет ел инвесторларымен бірлесіп сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру ойластырылып жатыр. Сондай-ақ биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі іске қосылатын болады.

Сондай-ақ, жоспар бойынша алғашқы  кезеңде индустриялды аймақта құны 9 миллиард теңгеге жуық жобалар жүзеге асатын болады.  Оның нәтижесінде, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы  өнімдерінің экспорты 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есеге артқалы отыр.