ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА БИЫЛ 17 ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНАДЫ

1001

Шаһарда көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, бұқаралық спортты дамыту бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жалпы бұқаралық спортқа қолжетімділік ауладан басталады. Бұл орайда ойын алаңшалары мен спорт алаңдарын салуда тұрғындардың ұсыныстарымен, талап-тілектерімен іске асатын «Халық қатысатын бюджет» жобасының берері мол.

Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жоспарда 10 спорт алаңшасын салу көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталып, ел игілігіне берілуде.

Ауданда аулалар жаңарып, қолайлы орта қалыптаса бастады. Қазіргі таңда балалардың уақытын тиімді өткізу үшін аула клубтары да ашылуда. Аулалар арасында спорт жарыстары, түрлі ойындар өтіп тұрады. Осы мақсатта спорт алаңшаларын көптеп ашу басты назарда тұр.

Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. 2014 жылдан бері жалпы 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынған. Өткен жылы 21 көпқабатты тұрғын үй ауласы абаттанса, биыл 17 аулаға балалар ойын алаңшасы орнатылуда. Олардың басым дені шалағайдағы шағын аудандарға жоспарланыпты.

Қызылжар елді мекенінде бой көтерген балалар ойын алаңшасының құрылысы әне-міне аяқталуға жақын. Мұнда, балаларға арналған ойын элементтері, демалуға арналған бастырмалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылған. Сонымен қатар, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндіктерде қарастырылған.

Сонымен қатар, аталмыш ауданда ағымдағы жылы 15 спорт алаңшасы салынбақ. Бүгінде 10 алаңшаға қажетті элементтер орнатылып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, қалған 5 спорт алаңының құрылысы күзгедейін аяқталады деп күтілуде. Айта кетейік, өткен жылы аудан аумағындағы  12 спорт алаңшасы ағымдағы жөндеуден өтіп, 35 спорт алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілген.