12 сәуір күні Шымкент қаласының Тұран-1 шағынауданында қайғылы оқиға орын алды. Бірінші сыныпта оқитын жеті жасар бала сумен толған, қоршалмаған шұңқырға құлап, мерт болған еді. Осы тұста қоғам белсендісі, заңгер Айгүл Орынбек Шымкент әкімдігін кінәлап жазба жариялды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің жазуынша, бала қаза тапқан аудан тұрғындары аталмыш мәселе бойынша бір жылдан бері дабыл қағып келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шымкентте 7 жастағы бала көз жұмды
«Шымкентте 6 жасар бала батпақ суға құлап кетіп, көз жұмды! Президент әкімшілік төрағасы Айбек Дәдебай! Ғабит Сыздықбеков бұл мөлтек ауданды сіздерге көрсеткен жоқ! Бұл ақпаратты “менің әкімім” жеп жағымпазданып шауып жүретін журналист, блогерлер де көрсетпейтін шығар. Бүгін түнде алты жасар бала қайтыс болды! Айтқанның аузы жаман, Айгүл жаман шығар! Бірақ тек Президент келетін кезде көрінетін жерлер ғана жылтырап, қалған жерлер осылай тұрмау керек. Қалада саябақтарды қайтару, футбол клубының басшысының айлығын санаудан басқа да күрделі жұмыстар толып жатыр. Бір жылдан бері Тұран-2 мөлтек аудан тұрғындары әкімдікке шағым айтып, мына жерді жасата алмаған екен. Нәтижесінде алты жасар бала қайтыс болды. Ғабит Сыздықбеков үш күнде жолды қырып, қайта салғыза алатынына бүкіл қала тұрғындары куә болдық. Әкімдік өздерін ақтау үшін “Балаңа ие болмайсың ба?” деп ата-анасына қылмыстық іс ашып жіберсе таң қалмаймын. Шымкент әкімдігінен бәрін күтуге болады. Ал Сәрсен Абайұлы Құранбек сайраңыз, бұл жолы кім кінәлі?!», — деп жазды ол.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барған болатын.