«ҚАЗЫҒҰРТ КЛИНИКАСЫ» МЕДОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЕКІНШІ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

1057
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында “Қазығұрт клиникасы” медорталығының екінші филиалы ашылды. Жаңа емдеу орталығының ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, орталықтың мүмкіндігімен танысты. Шыңғыс Жұмабекұлы қалада жекеменшік емханалардың көптеп ашылуы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартатынын атап өтті.
— Осыдан екі жыл бұрын жекеменшік емханалар қала халқының 25-30 пайызына қызмет көрсетсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 50 пайызға жетті. Медицина саласында жекеменшік сектор қарқынды дамып келеді. Әрине, бұл орайда сапалы қызмет атқару керек. Жаңа медицина орталығының қызметіне сәттілік тілеймін, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Нұртас-2 мен Мирас шағын аудандарының тұрғындары медициналық көмекке жүгіну үшін бұдан былай, орталыққа қарай шабылмайтын болды. Оларға жаңадан ашылған «Klinika Qazygurt» медициналық орталығы қызмет көрсетпек. Соңғы үлгіде, заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған медицина орталығында маман тапшы, деген мәселе жоқ.
Тәулігіне 80 адам қабылдай алатын медициналық мекеме заманауи құралдармен жабдықталған. Орталықта кардиолог, хирург — ортопед, уролог, гематолог, эндокринолог, гинеколог, офтальмолог мамандар қызмет атқарады.  Жоғары санатты, білікті мамандардан жасақталған құрам медициналық қызметтің барлық түрін көрсетуге әзір.
Орталықта жалпы 95 адам жұмыс істейді.
Дертіне дауа іздеген жан, мұнда  білікті дәрігерлердің кеңесін ақылы түрде алуға да мүмкіндігі бар. Осы орайда, заманауи құрал жабдықтардың көмегімен жан-жақты тексеріс жүргізілетінін айтқан ақ халаттылар бағасы қалтаға қонымды, дейді. Медициналық орталық ашылу салтанытына орай ашық есік күнін өткізіп, алғашқы жұмыс күндерін елдің алғысын алумен бастады.
Емдеу орталығы халық денсаулығының жақсаруы мен өмір жасының ұзаруын арттыруға өз үлесін қосатын болады.