ШЫМКЕНТТЕ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ЭЛИТАЛЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

957

2020 жылдан бастап еліміздегі барлық қалалық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда.
Қала әкімі М.Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде.
Соның бірі — Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылында «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған.
Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Ә.Жангелдин көшесі, №13 ғимаратта орналасқан «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі 1200 орындық, 5 қабаттан тұрады. Жобаға сәйкес 60 оқу бөлмесі, 48 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет бар. Аталмыш мектеп оқу жылына балаларды қабылдауға толығымен дайын.

Сонымен бірге, Асар шағын ауданындағы 500 орындық «Keremet-City», 240 орындық «Нұртас» интеллектуалды жалпы орта мектебі және Ақжайық шағын ауданындағы «PARASAT AJ» мектептері бой көтеруде. Барлық мектептің жаңа дизайнда, сапалы элементтерден жасалуы шахар басшысының жіті бақылауында. Сапалы білім беру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Осы жылы балалар игілігіне берілетін мектептердің бірі – Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы бастауыш мектеп. 2 қабатты ғимаратта 12 оқу бөлмесі, оқушылар асханасы, мед кабинет, спортзал қарастырылған. Осы жылы пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді.