2023 ЖЫЛЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ 100% САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

977

Шымкент қаласының әкіміне энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков 6 айдағы индикаторлардың орындалуы бойынша есеп берді, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Шымкент қаласындағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу елдімекені, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ елдімекені. Ал, Сайрам елдімекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда Құрсай елдімекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Сайрам елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Алдағы жылдың жоспары бойынша 3 магистралды суаққы салынып, қолданысқа берледі. Айта кетейік, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.