Жоспардың орындалуы апта сайын талқыланады

889

Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жеті айда атқарылған жұмыстарын және бірқатар мәселелерді баяндап берді, деп жазады қалалық «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «ardak.kz» ақпараттық агенттігі.

– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамытуда 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» нақтыланып, бекітілген. Жұмыс та жоспарға сәйкес жүргізіледі. Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз сумен 94,5 %, электр жарығымен 96,5 %, табиғи газбен 90,7 %, кәріз жүйесімен 57 % және асфальт жолмен 71,5 % қамтамасыз етілген.

Қалаға қосылған 6 елді мекеннің жаңақұрылыс аумақтарын (Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас) ауыз сумен қамту бойынша «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.

Ауданда шағынаудан мен тұрғын алаптарды электр жүйесімен қамтуда жекеменшік жүйенің үлесі 2,5%, қамтылмағаны 1%, ол – жаңақұрылыс учаскелері. Жекеменшік жүйедегі 10 тұрғын алапта және жарықпен қамтылмаған елді мекендерде мердігер «А Мерей и К» ЖШС-і электр жүйелерінің құрылысын атқаруда. Қазіргі таңда Абдулабад тұрғын алабында жұмыстар аяқталу сатысында, Тұрдыабад елдімекенінде және «Оңтүстік» шағынауданында құрылыс қарқын алған. Жыл қорытындысымен ауданда сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 100 %-ға жеткізу жоспарда бар.
Ал табиғи газ жүйесімен қамтылмаған аумақтарды (9,3 %) мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарға енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта 5 елді мекеннің (Қарабастау, Тоғыс, Елтай, Жыланбұзған, Оңтүстік) жаңақұрылыс аумағына жобалық-сметалық ққжаттары әзірленуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесі толық шешімін табады.
Ауданның кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы – 57%. Ұлағат, Солтүстік-шығыс шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысын 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Мирас, Шапағат шағынаудандарында құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.