ТАПСЫРМАЛАР ОРЫНДАЛУДА

770

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы  Әйтенов Тұран шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, тапсырмалардың орындалу барысын көрді. Бұған дейін Тұранда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің сапасына қатысты қала басшысы М Әйтеновтің тапсырмасымен құрылған арнайы топ 151 пәтерде кемшіліктер анықтаған болатын. Қала әкімі тұрандықтармен кездесіп, тапсырмалардың орындалу барысын көрді. Оң нәтижелерге тұрғындар ризашылығын білдірді. «Мәселелер шешімін табуда. Сабырлы болыңыздар. Инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстары өз кезегімен жүргізіледі», — деп нақтылап өтті.

Кездесуден кейін әкім инфрақұрылым, көгалдандыру, абаттандыру, жылыту қазандықтарын тексерді. Қазіргі таңда Тұран шағын ауданында 2020 жылдан бері 5576 пәтерлі 88 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. Пәтерлердің жалпы ауданы – 335 мың шаршы метр. Жоба құны 89,0 млрд теңгені құрайтын тұрғын үйлер құрылысын 2020-2022 жылдары жүзеге асыру жоспарланған болатын. Жалпы «5-10-20» Шаңырақ бағдарламасы бойынша 27 үй, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 11 үй, «Отбасы Банк» АҚ бойынша 38 үй, арендалық бағытта 12 үй пайдалануға беріледі.

Аталған шағынауданда көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, 2021 жылы 29 үй (1880 пәтер), 2022 жылы 32 үйдің (1968 пәтер) құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі. Қала әкімі жауапты мердігер мекеме басшыларына құрылысты сапалы орындап, тиісті мерзімде аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент тарихында алғаш рет 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүрді. Инвестиция көлемі 41 пайызға артқан. Қалада 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 1 миллион шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, 5 787 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды.