Мемлекетімізде соңғы жылдары жас ұрпақтың денсаулығы мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Бұл мәселе Президент Жолдауларында да айтылуда. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласының әкімдігі шымкенттіктердің, оның ішінде жастар мен балалардың денсаулықтарына ерекше назар аударады. Соның нәтижесіндей қалада, оның шалғай аумақтарында балалар спорт алаңшалары көптеп ашылуда. Ал таяуда Шымкентте жас кәсіпкер әрі бокс бапкері Ережеп Журкаев өз қаржысына қаланың шалғай аумағында тұратын балалар үшін спорт кешенін ашты. Онда бокс, кикбоксинг, дзюдо, таэквандо және ережесіз жекпе-жек спорт үйірмелері бар.
«Қазығұрт» мөлтек ауданынан ашылған жаттығу залында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және жартылай жетім отбасыдан шыққан балалар спортпен тегін айналыса алады. Кешен иесі залды бүкіл керекті құрал-саймандармен қамтыған. Бапкер енді шалғай аудан спортшылары алыс орналасқан спорт залдарына барып сандалмайтынын айтады. Қазіргі уақытта бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта үйірме санын да көбейтуді де жоспарлап қойыпты.
Ережеп Журкаев, бапкер: «Қазығұрт шағынауданында өсіп келе жатқан жастарымызды спортқа баулу басты мақсатымыз. Ынтасын ашу, жастардан чемпион шығару. Басты мақсат бізде осы. Қазір 5 үйірме бар. Қандай спортқа бергісі келеді ата-ана соған жаздырып, уақытында баласын жіберіп отырса болды. Ал баланы дайындау – ол біздің мәселе», деп спорт кешенінің жас бүлдіршіндерді шынықтырып, шымыр да денсаулығы мықты етіп тәрбиелеп шығаруға дайын екенін білдірді.
Спорттық кешен иесі мен Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы өзара келісімге келіп, Орталық жас кәсіпкерге құжаттарды заңдастыруға жәрдемдеспек. Сонымен қатар, үйірмелерге тегін қатысатын балаларды арнайы форма және жаттығу құралдарымен қамтитындарын айтты.
Міне, мемлекеттің жастар саясатын қолдаған бұрынғы спортшы, бүгінгі бапкер әрі кәсіпкердің өз қаржысына балаларға, оның ішінде тұрмысы төмен отбасылардың балаларына спортпен айналысуға мүмкіндік беріп спорт кешенін ашуы туған жерге, халыққа деген сүйіспеншілік пен құрметтің үлгісі.