Дендросаябақта тазалау жұмыстары жүргізілді

884

Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта тазалау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Шымқаладағы көрікті демалыс орындарының бірі — «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік Дендрологиялық саябағы». Тұрғындар мен қонақтар осы саябақта серуендеп, демалуды әдетке айналдырған. Сол себепті де саябақ тазалығы басты назарда. Осыған орай саябақ аумағында «Build Stroi» және «Жасыл жер» ЖШС қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізді. Жасыл желектер суғарылып, толық тазалау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде адамдардың жүрісіне қауіп төндіріп тұрған талдар кесіліп, бұталанды. Оған 400-ден астам жұмыс күші және 20 техника жұмылдырылды.

Бұл әрине, бір күндік жұмыс емес, тазалық жұмыстары кестеге сай ұдайы жүргізіліп тұрады. Еске сала кетейік, Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта жыл басынан бері 5 мың көшет егілген. Көктемге дейін олардың саны 15 мыңға жеткізіледі. Ол көшеттің көбісі дендросаябақтың Самал шағынауданымен шектесетін аумағындағы 6 гектар алқапқа отырғызылды. Негізінен өрік, жиде және шие тұқымдарынан 2 мың дана жеміс ағашы егілген. Ал, қараша айында Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай аумағынан 1 500 дана Сібір шыршасының көшеті жеткізіледі. Бүгінде дендросаябақтың тұқымбағында көшеттерді тұқымнан өсіріп шығару, оларды күтіп-баптау және саябақтың ішіне бөліп егу секілді жұмыстар жалғасуда. Тұқымбақтағы жұмыстар қысы-жазы жүргізіледі. Оған қоса бақтың суару жүйесі жаңартылмақ. Соның нәтижесінде көшеттер саябақтан бөлек қаланың басқа да аумақтарында егіледі. Биылғы жаңалық, жыл соңына дейін Шымкентте тағы 7 гүлзар бой көтереді деген жоспар бар.

Айта кетейік, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы 1979 жылы құрылған болатын. Саябақтың құрылуына мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров мұрындық болды. Саябақтың қазіргі уақыттағы жер көлемі – 117 гектар. Мұнда бүгінде 500 мыңнан астам ағаш және 1 миллионнан астам шөптесін өсімдіктер бар.