ЖАҢА МЕКТЕПТЕР САЛУ ҮКІМЕТ ПЕН ӘКІМДЕРДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІНІҢ БІРІ БОЛУЫ КЕРЕК

974
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезектегі Жолдауын жолдады. Жолдауда әлеуметтік, экономикалық мәселелерге тоқталып, бірқатар бастамалар көтерді.
Данабек ИСАБЕКОВ, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шымкент қалалық филиалының директоры:
Алғашқы қоңыраудың үнімен жаңа маусым, жаңа оқу жылы басталды. Бұл – ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар үшін ерекше күн. Осы білім күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады.
Мемлекет басшысы әр оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс дей келе жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деген Мемлекет басшысы, жалпы, мектеп салу Үкімет және жергілікті әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек екенін атап айтты.
«Бала – біздің болашағымыз» дегендей білімді ұрпақ ел ертеңін көгертуге үлес қосары анық. Ал мемлекет және ата-аналар сол балалардың, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасауға жауапты. Білімге ұмтылған барлық балақайға сәттілік тілейміз!
Айжан ТАБЫЛДИЕВА, Шымкент қалалық дарынды балаларға арналған №90 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын ұстаз ретінде ыждахаттылықпен тыңдап шықтым. Әсіресе, білім саласына қатысты айтылған тапсырмалар өте өзекті деп санаймын. Мысалы, цифрландыру талабы. 2020-2021 жылдардағы карантин кезінде онлайн оқытуды үйреніп, оқушыларға заман талабына сай білім бердік. Ол кезде қажеттілік болса, қашықтан оқу қазір заман талабына айналды.
Бұл тапсырмалар, біріншіден, сыбайластыққа тосқауыл қойып, жемқорлықтың алдын алады деп ойлаймын. Қағазбастылық азайып, көп қызмет цифрландырылса, болашақта білім саласында ғана емес, барлық салада өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Ұстаз ретінде, білім беруші ретінде ел Президенті өз Жолдауында айтқан ұстанымдар мен тапсырмаларды қызу қолдаймыз.