«Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорынға экологтарды кіргізбей отыр

1091
Шетелдік компания бір жыл ішінде осымен үшінші рет құзырлы орган өкілдеріне есік ашпаған
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы қаланы қара түтінге ораған металлургиялық комбинатқа мемлекеттік экологтарды кіргізбей отыр, деп хабарлайды КТК.
Қоршаған ортаға келген шығынды есептеуге мүмкіндік бермегені үшін оларға айыппұл қарастырылған. Бірақ шетелдік компания бір жыл ішінде осымен үшінші рет құзырлы орган өкілдеріне есік ашпаған.
Осыған дейін екі рет мемлекеттік экология инспекторын табалдырығынан аттатпаған алпауыт 1 миллион 200 мың теңге айыппұл төлепті. Бұл жолы да солай істеген.
Өйткені жыл басынан бері экологиялық талаптарды сақтамаған өндірістің қоршаған ортаға келтірген шығын көлемі 4 жарым миллиард теңгені құрапты. Одан бөлек 348 миллион теңге айыппұл салынған.
Сондықтан миллардтаған шығынға ұшырағанша, әкімшілік айыппұлмен құтылуды құп көргендей. Экологтар елде жұмыс істеп жатқан шетелдік компания мемлекеттік инспекторды кеудеден итеруі сол елдің заңын пысқырмауы дейді.
«Тексеріске қарсы болу, бізге қарсылық білдіру кәсіпорында болып жатқан заңбұзушылықты жасыру. Бүкіл жерде шетелдік компаниялар жұмыс істейді, олар кез келген халықтың ұлттық заңдылықтарын сақтауға бмүдделі болуы керек», — дейді Қарағанды облыы экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.
Айтуыларынша, тексеріс қайткен күнде де жүреді, бірақ осындай әрекетпен компания уақыт ұту амалын жасап отыруы мүмкін.