Д.ҚЫДЫРӘЛІ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ТӨРАҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

911

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер төрағалары, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен кездесті. Жиында этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстар нақтыланып, өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.

Д.Қыдырәлі еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, түрлі этнос өкілдері еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.

— Қоғамдық келісім — еліміздің басты байлығы. Қалалық ассамблея мүшелері, этнос өкілдері әрдайым ұйымшылдық танытып, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген құрмет, этномедиацияны дамыту жұмыстары қарқын алған. Біз барлық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз, — деді Д.Қыдырәлі.

ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Сергеева «Ассамблея жастары» РҚБ қалалық өкілдігінің басшысы Н.Мейірбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Айта кетсек, қазіргі таңда қалалық ҚХА жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет етсе, олардың жанынан 19 шығармашылық ұйым жұмыс істейді.

Дархан Қуандықұлы «Достық үйі» ғимаратында жуырда ашылған «Бірлік алаңы» коворкинг орталығының жұмысымен танысты.

«Шымкент келбеті»

Фото Серік Қосаев