Полицейлер планшеттерді ломбардқа өткізген

933
Шымкенттік полицейлер қызметтік планшеттерді ломбардқа өткізген. Осыған байланысты полиция департаменті тексеру жүргізген. Бұл туралы Liter.kz сайты жазды.
Әрқайсысы 185 мың теңге тұратын планшеттердің ломбардқа өткізілгенін департамент басшылары растады. Бұл туралы  Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі:
«Қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі «Өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін ысырап ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.  Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі, 2-тармағының негізінде қылмыстық іс тоқтатылып, шешімнің заңдылығы мен негізділігін зерттеу үшін басшыға жіберілді. Полиция полкінің алты офицері күдікті ретінде анықталды, планшеттер тәркіленіп барлық кінәлі лауазымды тұлғалар мен олардың басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады.
Басылымның мәліметінше, құқық бұзушылық ПД-ның бұрынғы капитаны дәретханада пара алғаны сот процесінде белгілі болды. Сотта экс-полиция қызметкері ұсталған кезде планшеттердің жоғалып кетуіне қатысты тергеу жүріп жатқанын айтқан.  Отыздан астам гаджет ломбардқа тапсырылған.
Полиция қызмет барысында  пайдалану үшін барлығы 259 млн 370 мың теңгеге 1402 планшет сатып алған.  Күзет полициясына жұмыс істеуге 680 планшет берілген.